Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда талапкерлерге ҰБТ-ны үш рет тапсыруға мүмкіндік беру қарастырылуда

Қазақстанда талапкерлерге ҰБТ-ны үш рет тапсыруға мүмкіндік беру қарастырылуда

Бұдан былай талапкерлерге Ұлттық бірыңғай тестілеуді үш рет тапсыру мүмкіндігі берілуі мүмкін. Сондай-ақ, сынақ тек компьютерлік форматта өткізілуі ықтимал. Бірақ, электронды нұсқадағы тестті енді түлектер тезірек тапсырулары қажет.

Өз біліміне сенімді талапкерлер бұдан былай ҰБТ-ны наурыз айынан бастап тапсыра берулері мүмкін. Тіпті, оларға маусым айының соңына дейін тағы екі рет сынаққа қатысуға мүмкіндік берілмек. Қазір пысықталып жатқан жаңа жобаның басты өзгешелігі - талапкерлер тек компьютерлік форматта тест тапсырады. Осылайша оқушы әпсәтте қанша балл жинағанын біліп, жарты сағат ішінде аппеляцияға беріп үлгеруіне де болады екен. 
Ал осы саланың мамандары министрлік талапкерлерге негізгі пәндер мен бейінді пәндерді бөлек тапсыру құқығын беру керек екенін айтады. 
"Бізде негізгі пәндер мен бейінді пәндерді бөлек тапсырса басқа да мүмкіндіктер ашылатын еді. Бала негізгі пәндерден жеткілікті жинаса, тек бейінді пәндерді қайта тапсырады", - деді Joo.kz жобасының жетекшісі Қанат Өксікбаев.
Қанат Өксікбаевтың айтуынша, бұл бастаманы енгізбес бұрын министрлік 1-ші наурызға дейін грант санын жариялауы керек. Сондай-ақ, ЖОО-дары да оқуға түсуге жеткілікті шекті баллды алдын ала белгілеуі қажет екенін айтады. Оған қоса, шығармашылық емтиханды үш рет әртүрлі университетте тапсыру талапкерге тең құқық беріп қана қоймай, жемқорлық фактілерін де азайтатын көрінеді.
"Басқа емтихандардың бәрі орталықтандырылған, өйткені бәрінің дәрежесін тексереді. Ал шығармашылық бір университетке барып тапсырған үшін сол жердегі комиссия ған тексерді. Сіздің тапсырған нәтижеңізді басқа университетке тапсырсаңыз жақсырақ баға алуыңыз мүмкін. Өйткені, сол комиссияның субъективті осы десек болады, жалпы айтқанда. Сол үшін ол жерде жемқорлық қатері бар, себебі, комиссия шешеді, ол орталықтандырылмаған", - деді Joo.kz жобасының жетекшісі Қанат Өксікбаев.
2021 жылы ҰБТ-ға өзгеріс енгізіледі: Министрлік айтып берді
Ұлттық тестілеу орталығы өкілдерінің айтуынша, әзірге шалғайдағы елді-мекендердегі талапкерлердің электронды тестілеуді облыс немесе аудан орталықтарына барып тапсыратыны анық.
Компьютерлік форматта ҰБТ "бір компьютер - бір камера" принципі бойынша жүргізіледі. Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініштерді онлайн жүргізуге болады. Яғни, түлектер мобильді азаматтар базасына тіркелуі қажет және "Face-ID" жүйесі арқылы ҰБТ-ға өтінім бере алады. 
Сарапшылардың пікірінше, талапкерлер келесі жылы ҰБТ-ны осы форматта тапсырса, онда оқуға түсуге шекті ұпай төмендейді. Сондай-ақ, сынақ тапсыру уақыты қысқарып, оқушылар 140 сұраққа 220 минутта жауап беріп үлгеруі керек болуы мүмкін.
30 қазан 2020 ж. 428 0