Судьялар съезінің сот саласына берері мол
Өткен жұмада елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен республика судьяларының кезекті VIII съезі өтті. Онлайн режимде өткен басқосуды әлеуметтік желіден асыға тамашаладық. Өйткені, бұл жиында үшінші билікті ұшпаққа шығаратын ұтымды ойлар айтылып, салмақты пікірлер сарапқа салынады.
Төрт жыл сайын судьялар қауымдастығына, сот жұмысына қатысты мәселелерді екшеп, кемшіліктерді жоюдың жолдарын қарастыратын, кем-кетікті түзеп, келешекке жөн сілтейтін бұл жиындардың маңызы бұл жолы да арта түспесе, бір кеміген емес.
Съезде сот саласының соңғы төрт жылда атқарған жұмысының нәтижесі басты назарда болып, заң жобаларының әзірленгені, өзекті мәселелер бойынша іске асырылған жедел шаралар, жаңа судьяларды іріктеу және қызметтегі судьяларды бағалау, соттардың қорытынды шешімдерінің жаңа форматы және оларды түсіндіру, пандемия кезіндегі фронт-офистер мен соттардың жұмысы атап өтілді.
Осы орайда, Мемлекет басшысының фемида қызметкерлерінің карантин кезіндегі еңбегін ерекше бағалағанын айтпай кетуге болмас. Расында да, пандемиялық жағдайға орай қоғамымыздағы кейбір салалар карантинге тез бейімделіп үлгере алмай жатқанда, сот саласы соңғы жылдары ақпараттық технологияға, электронды қызметке көшуіне орай, онлайн сот отырысына, онлайн қызметке дер кезінде бейімделіп үлгергенін мақтанышпен айта аламыз. Сондықтан Президенттің мұндай бағасы республиканың судьяларын ерекше қанаттандыра түсті.
Сонымен қатар жиында судьялардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыру, қоғаммен кері байланысты дамыту, кейбір қылмыс түрлеріне жазаны қатайту, мемлекеттік баж мөлшерін ұлғайту мәселелері талқыланды.
Неге екені белгісіз, бүгінде соттасуға құмар болып алдық. Ашуды ақылға жеңдіре алмай, болмашыға бола алтын уақытын сот табалдырығын тоздырумен өткізіп жүргендер қаншама. Тараптар арасындағы түйткілдің сот арқылы шешілуі орынды дегенімізбен, өзара түсінісіп, бір бітімге келуге болатын ұсақ-түйек даулардың сотқа дейін жетуі мақтанып айтатын көрсеткіш емес. Тіпті, күйеуімнің көзін қорқытып алайын деп едім,-деп ажырасу арызын беретіндердер де бар. Осылай, талап арызды бере салып, қайтарып ала салуларының басты себебі, арыз берген кезде төленетін мемлекеттік баж мөлшерінің мардымсыздығынан деп ойлаймын. Өйткені, қазір ажырасу арызын беру үшін төленетін баждың мөлшері бар болғаны 830 теңгені құрайды. Ал, егер осы баж мөлшері қомақтылау болса, жаңағыдай арыздар сотқа ретсіз берілмес еді. Сондықтан мемлекеттік баж мөлшерін ұлғайту мәселесінің талқылануы орынды деп санаймын.
Егер баж көлемі ұлғайтылса, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтар үшін қолданыстағы барлық жеңілдік сақталары сөзсіз.
Съезде Мемлекет басшысымен сот жүйесін әрі қарай ілгерілету, орын алған кемшіліктерді көрсетіп, құқықтық жүйені белсенді қалыптастыру
мақсатындағы басым бағыттар адам құқықтары және Заң үстемдігі, сот тәуелсіздігі атап көрсетілді.
БАҚ-тың жариялылығы, ашықтығы сотқа қысым жасау құралы ретінде мүлде пайдаланылмауы тиіс. Съезде осы ең маңызды да түйінді мәселенің бірі ретінде сөз болды. Президент судьяларға БАҚ және әлеуметтік желілер тарапынан қысым жасалатын жағдайлардың кездесетініне назар аударды. «Тергеу әлі жалғасып жататын, істің сотқа берілмеген кездері болады. Ал кейбір журналистер мен блогерлер жағдайды ушықтырып, сот шешімін алдын ала болжай бастайды. Мұндай жағдайға құқық қорғау органдарының да кінәсі барын ашып айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы сотқа қысым жасау заң бойынша қатаң жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Сьезде айқындалған алдағы уақытта жүзеге асырылатын міндеттер, қоғамның дамуына нақты үлес қосары сөзсіз.
Арал аудандық сотының судьясы
С.Бертай