Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Борат» төңірегіндегі дау: ҚМДБ туды қорлағандарға қатысты мәлімдеме жасады

«Борат» төңірегіндегі дау: ҚМДБ туды қорлағандарға қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Борат-2» фильмін қолдау мақсатында өткен флешмоб қатысушыларының мемлекеттік туды қорлауына байланысты мәлімдеме жасады.
Еске салсақ, жуырда Австралия жағажайында «Борат-2» фильмін қолдау мақсатында ұйымдастырылған флешмоб қазақстандықтардың ашуына тиді. Видеодан жағажайда жалаңаш билеген бірнеше шетелдіктің Қазақстанның мемлекеттік туын мазақ еткенін көруге болады.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жағажайда жалаңаш күйде туымызға құрметсіздік жасаған шетел азаматтарының өрескел әрекетін қатаң айыптайды», – делінген мәлімдемеде. 
Мүфтият Исламда мемлекеттік маңызы бар рәміздерге мән берілгенін атап өтті.
«Хадис ғалымдары өз кітаптарында ту мен жалаудың қадірі мен құрметі жайлы арнайы тарау арнаған. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туды және ту ұстаған сахабалардың ерлігін ерекше атап өткен және оны құрмет тұтудың маңызы жайында тағылымды өсиетін қалдырған», – деді ҚМДБ-дан.
Отан деген сөз кез келген азамат үшін қымбат ұғым болса, әр адамның өзге елден ерекшелеп тұратын Әнұраны, Елтаңбасы мен Туы да – құрметке лайық құндылықтар. Туымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалғанда орнымыздан тұрып, құрмет көрсетуіміз – шариғатта құпталған іс, деп түсіндірді діни басқарма. 
«Туға, әнұранға, елтаңбаға құрмет көрсету – өз еліміз бен жерімізге, рәміздерге құрмет көрсету. Алла Тағала көк туымыздың әрдайым көкте желбіреп тұруын, мемлекеттік рәміздеріміздің абыройын асқақтатып, халқымыздың бірлік пен берекеде өмір сүруін нәсіп еткей», – деп түйіндеді ҚМДБ.
kyzylorda-news.kz​​​
03 қараша 2020 ж. 474 0