Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда: «Водоканалдағы» мәселелердің анығы мен қанығы

Қызылорда: «Водоканалдағы» мәселелердің анығы мен қанығы

«Facebook» әлеуметтік желісіндегі «Кызылординская правда» тобында Алинур Бекшин есімді аккаунт иесі Қызылорда қаласындағы «Су жүйесі» мемлекеттік мекемесіне қатысты бірнеше мәселені көтере отырып жазба қалдырған. Мекеме жұмысшыларының қыркүйек айынан бастап жалақыларын ала алмай келе жатқанын алға тартқан жазба иесінің нақты кім екені әзірге белгісіз.


«Қызылорда Су жүйесі мекемесі басшылары жұмысшылардың жүйкесін тоздырды! Жалақыны қыркүйек айынан бастап қарапайым жұмысшылар алмаған, тек контордың ішінде отыратын жемқорлар алып отыр. Мына басшысы Жәмиев Марат алаңсыз бассыздық жасап отырғаны, жұмысшы өз айлығын жалынып сұрап жүр», – делінген жазбада.
Халық арасында «водоканал» атауымен кең танымал бұл мекеменің басынан үнемі дау арылмаған. Оған себеп – ескі ғимарат, ауыз судың сапасы, жұмысшылардың айлық жалақыларын 5-6 ай кешіктіріп алатыны және ең маңыздысы тұтынушылардың ауыз суға уақытылы қарыздарын төлемеуі болып отыр.
Қазіргі таңда «Су жүйесі» коммуналдық мекемесіне жеке және заңды тұлғалардың қарызы 629 млн теңгені құрайды. Бұл туралы мекеменің басшысы Марат Жәмиев айтып берді, деп хабарлайды «Kyzylorda-news.kz» тілшісі.


«Су жүйесі» мекемесіне халықтың 599 млн 451 мың теңге, ал заңды тұлғалардың 29 млн 500 мың теңге қарызы бар. Бұл бірнеше жылдан бері жиналған қарыз. Мен бұл мекемеге басшылыққа келген уақыттан бері қарыз төлемдерді жинауға қатысты біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, қазіргі таңда қала тұрғындарына ескертпе парақшаларын тарату, смс-хабарлама жіберу және автодозон жұмыстары жүргізіліп келеді. Халық «ұйқысынан оянып» қарыздарын төлей бастады. Сондай-ақ қарыз сомаларына қатысты келіспеушіліктер де орын алуда. Ол тұтынушылар мекеменің абоненттік бөліміне келіп есептесуде. Дегенмен түсіп жатқан қаражат мекемені қамтамасыз етуге толыққанды жетпейді», – дейді «Су жүйесі» мекемесінің басшысы Марат Жәмиев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жұмысшылардың айлық жалақылары қыркүйек айына дейін төленген. Ал қазан айының жалақысы әзірге кешіктіріліп жатқанын жасырмады.
Бұрынғы цех
Бұрынғы абоненттік бөлім
Қазіргі абоненттік бөлім
«Су жүйесі» мекемесінің ғимараты 1964 жылы салынған. Сол уақыттан бері мүлдем жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мекеменің ауласы астан-кестең, ғимарат іші қыста суық, отырып жұмыс істеуге жағдай жасалмаған болатын. Бұл, әрине, облыс орталығындағы мекеменің атына сын. Сондықтан жұмысшылар мен қызметкерлердің сапалы жұмыс жасауына жағдай жасап, ғимаратты күрделі жөндеуден өткізудеміз», – дейді мекеме басшысы.
«Елу жылда – ел жаңа» демекші, жарты ғасырдан астам уақыт жөндеу жұмыстарын көрмеген ғимарат биыл жаңа кейіпке енген. Мекеме ауласы асфальтталып, цех, гараж және бас ғимарат күрделу жөндеуден өткен. Тұтынушалырға да жағдай жасалған. Ең бастысы мекеме ауласына 10 кабиналы душ салу жұмыстары қолға алынған. Қазіргі таңда жұмысшыларға арналған душтың іргетасы қаланған.
Бұрынғы гараж
Қазіргі гараж

«Мекеме жұмысшылары су құбырларын жөндеп, лас жұмыстарды атқарғандықтан олардың жұмыс аяғында жуынуына, үйіне таза баруы үшін жағдай жасау мақсатында мекеме ауласынан душ салу жұмыстарын қолға алдық. Алайда біздің жұмысшыларға жасап жатқан игі ісімізді өзгелер теріс қабылдап, халық арасында теріс пікір қалыптастыруда. Бұл ғимараттың ұзындығы 24, ені 6 метрді құрайды. Ішінде 10 душ кабинасы болады. Душты мекеме жұмысшыларының көмегімен тұрғызу, яғни «асар» әдісімен салу жоспарланған. Оған ешқандай қаражат қарастырылмаған», – дейді Марат Жәмиев.
Жұмысшыларға деген жанашырлығын, өзінің осы мекемеге жастайынан жұмысшы болып орналасуымен байланыстырған мекеме басшысы Марат Жәмиев «водоканал» жұмысшылары ел арасында, өз отбасының алдында басын тік көтеріп жүрсе деген ниетін білдірді.
«Осы мекемеге 1991 жылы механик болып жұмысқа орналастым. 18 жыл бойы бір мекемеде жұмыс жасап, қызметтік сатылардан өтіп, 2009 жылы басқа салаға ауысқан болатынмын. Басқа мекемелерде жұмыс жасап, кәсіпкерлікпен де айналысып, өткен жылдың наурыз айында «Су жүйесіне» басшы болып тағайындалдым. Бір жылдан астам уақыт ішінде біршама жұмыстар атқарылып, жұмысшылар мен қызметкерлерге біршама жағдай жасалды», – дейді Марат Жәмиев.
Мекеме басшысы жұмысқа шын жанашырлық танытып, мекеме ауласын таныстырып, бұрынғы мен қазіргі кейіпін салыстыра айтып келе жатқан уақытта душқа қатысты жұмысшылардың да ойын сұрауды жөн санадық. Алдымыздан бірінші шыққан жұмысшыны тоқтатып, оның пікірін білдік. Өзінің мекемеде слесарь екенін айтқан Мақсат Алмағанбетов жұмысына риза екенін жеткізді. Бұрынғыдай емес, жалақыны да көп кешіктірмей алып келе жатқанын, душтың жұмысшыларға аса қажет екенін де айтты.

«Қазіргі таңда мекеменің жұмысына көңілім толады. Жалақымыз бұрынғыдай көп кешікпейді. Қазір қыркүйек айының жалақысын алып қойдық. Ал душ мәселесінде, оның жұмысшыларға аса қажет екені белгілі. Жұмысшыға жағдай жасалса, біздің де жұмысымыз өнімді болады», – дейді Мақсат Алмағанбетов.
Әлеуметтік желідегі жазбада жұмысшыларға бөлінген сүт өнімдері мекеме басшылары мен оған жақын адамдардың арасында өзара бөліске түскені де жазылған. Бұл мәселені де мекеме басшысы теріске шығарды.
«Жұмысшылардың ісі денсаулыққа қаншалықты зиян екені белгілі. Сондықтан жұмыс аяғында сүт беріледі. Ал жазбада айтылған деректер дәйексіз. Бізге сүт өнімдерін елордалық «СвязьСтройСнабСервис-2008» ЖШС жеткізіп береді. Себебі мемлекеттік сатып алу арқылы аталған мекеме жеңімпаз болып танылған. Ал бұл өнімдерді өз қалтама басу өзіме сын», – дейді Марат Жәмиев.
Сонымен қатар жазба иесі «қаладағы КНС-тің жөндеу жұмыстарын мекеме басшысының жеке компаниясы жүргізуде» деген жалған ақпарат таратқан. Мекеме басшысы бұның да шындыққа жанаспайтынын айтты. Себебі бұл жұмыстарды да мемлекеттік сатып алу арқылы Павлодар қаласының «В и К» ЛТД» ЖШС ұтып алған.
Бұған дейін мекеменің өз цехы бола тұра, оның құрылғылары мен техникалары жеке кәсіпкерлердің цехтарында жөндеуден өткізілген. Жалпы айтқанда жұмыс жүйесі дұрыс қалыптаспаған.
Мекеме басшысының айтуынша, өзінің басшылыққа келген уақытынан бастап цех жұмысы да қайта жандана бастаған. Оған қоса, мекеме ғимаратына газ кіргізіліп, жылу жүйесі қалыпқа келген. «Су жүйесі» аумағындағы ғимараттар тол жөндеуден өтіп, алдағы уақытта ауланы абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстары жалғасын табатын болады.
Айта кетейік, әлеуметтік желідегі жазба иесінің пікірі мекеме басшысының жұмысын жоққа шығыруды көздейді. «Водоканалдың» басшысы мекеменің жылдар бойы қордаланған мәселесін 1 жарым жыл ішінде түгел шешпегенімен, осы уақыт аралығында ауыз толтырып айтарлықтай іс тындырғаны көрініп-ақ тұр.
Динара МАХАНОВА
18 қараша 2020 ж. 348 0