Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлестік жұмысы жанданып келеді

Бірлестік жұмысы жанданып келеді

Бүгінде елімізде үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын ынталандыру мақсатында түрлі гранттық жобалар әзірленіп отыр. Бұл қаржылай қолдау олардың жұмысының жандануына септігін тигізуде. Үкіметтік емес ұйым өкілдері қоғамдағы әлсіз топтарға көмектесумен қатар, әлеуметтік, танымдық, рухани бағыттағы жұмыстарды жандандырып келеді. Аудандағы сондай қоғамдық бірлестіктің бірі – «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі.

Аталған бірлестік ауданда 2012 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Олардың нәтижелі жұмысының арқасында ауданда бірқатар жобалар қолға алынып, өз жемісін беруде. Биыл Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қызылорда облысындағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру» әлеуметтік жобасы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғам мемлекеттік грант әзірлеген болатын. «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі мемлекет тарапынан берілетін 500 мың теңге гранттық қаржыны жеңіп алды. Жоспарланған жұмыстар бойынша семинар сабақтар мен кездесулер откізіп жүрген бірлестік директоры Қанзада Қожанқызы өз жұмысының нәтижелі болғандығын айтады.
– Гранттық қаражат біздің көптеген ойға алған жобамызды жүзеге асыруға септігін тигізді. Жұмыссыз жастар мен әйелдер арасында семинар сабақтар өткіздік. Оларға өздерінің кәсібін, үкіметтік емес ұйым ашу жолдарын түсіндірдік. Біз үшін бір қуаныштысы, семинарда дәріс алған ынталы топтардың ішінде өздерінің жобаларын әзірлеп, гранттық жобаларға қатысып жатқан шәкірттеріміз бар, – дейді Қанзада Әбілғазиева.
Сондай-ақ бүгінгі ахуалға байланысты алыс ауылдағы әйелдер арасында «Zoom» әлеуметтік желісі арқылы тренингтер өткізіп, оларды оқытып, сертификаттар берілді.
– Ауылдық жерде тұратын жастар көбіне мұндай берері көп маңызды сабақтарға қатысуға мүмкіндік ала бермейді. Оның үстіне, қазір еліміздегі ауру меңдеп тұрған шақта көптің басын қосып семинар өткізу де талапқа сай келмейді. Десе де жоба аясында санитарлық талаптарды барынша сақтай отырып, бірқатар жұмыстарды жүргіздік. Әсіресе ауылдық жердегі әйелдерді назардан тыс қалдырған жоқпыз. Біздің семинар олардың жаңа мүмкіндіктерін ашты, – дейді бірлестік директоры.
Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара қатынасының негізгі мақсаты Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік саясатты жүргізудегі қатынастардың жаңа үлгісін жасау, әлеуметтік бағытталынған үкіметтік емес ұйымдарға олармен белсенді ынтымақтасу, оларды әлеуметтік маңызды проблемаларды шешуге тарту арқылы тиімді көмек, қолдау көрсету болып табылады. Бүгінде олардың қатысуымен қоғамдағы өзекті мәселелер оң шешімін табуда.
Н. Маратқызы
21 қараша 2020 ж. 607 0