Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдың Темірханы

Аралдың Темірханы

Теледидарды  ашып қалғаным сол, көгілдір экран бетіндегі тілші қыз,  «бүгін Шымкенттің орталық әмбебап кітапханасында арыстық ақын Темірхан Әбдіковтің шығармашылық кеші өтті» деп хабарлап жатыр.Арыстық ақын. Ішімде Оңтүстіктерге деген қызғаныш сезімі оянып кетті. Аралдың толқынын сүйіп, киелі Қызылжардың топырағында өскен Темірханды шымкенттіктер өзіміздікі деп иеленіп алыпты.
...Есіме сонау сексенінші жылдардың бас кезіндегі студенттік кездеріміз оралды. Екеуміз бір ауылда, бір көшеде өстік. Бір мектепте оқыдық. Газет-журналдармен байланысымыз сол бір мектепте жүргенде басталған. Мектеп бітірген соң ол Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды.
Шымкентте оқып жүрген кезімізде студенттерді мақтаға апаратын. Оқудан бұрын шаруашылықты бірінші орынға қоятын Кеңес үкіметінің кезі ғой. Шымкенттің барлық студенттерін қыркүйек айының аяғында мақтаға алып кетеді де, желтоқсанның ортасында оқу орындарына қайтарады. Сондай бір кездері мақтадан келсек, жалдамалы үйімізде Темірхан отыр. Әскерден келген соң колхозда балықшы болып жұмыс істеп жүрген.
– Балқаштан келдім де, осында келдім.  Сендердің  факультеттеріңе дайындық курсына тапсырдым, – дейді.
Сонымен студенттік өміріміз басталып кетті. Қашанда байсалды қалпынан таймайтын Темірхан қанша дегенмен естияр емес пе?! Қызық  қуған жоқ. Кішкентай ғана екі бөлмеде бес бала жатамыз. Жүріс көп бізде. Шаршаймыз. Азанда сабақтан қалып қоямыз деп кешкісін басымыз жастыққа тигеннен қор ете қалатынымыз тағы бар. Түннің бір шамасында оянып кетсең, ортадағы столда Темірхан әлі отырады ғой. Аузы күбір- күбір,  ақ қағазға бірдеңелерді жазады да жатады. Сөйтсек, өлең екен. Күнде осы.
Темірханның институт қабырғасында жүріп, өлеңге бағыт алғанын сол кезден- ,ақ байқадық. Өнер адамдарына да таныстығы институтта жүргенде басталды.
Бірде «Исраил Сапарбаевпен  таныстым» десе, енді бірде «институтта Әмзе Қалмырзаев деген мықты ақын бар екен, сонымен танысып келдім» дейді. Қазіргі Парламент депутаты Әкім Ысқақпенде студент кезімізде таныстырған.
– Жақсыбай, танысып қой, «Қазақстан пионері газетіне  жазып жүрген  Әкім деген жігіт осы дейді, – Темірхан. Ол да біз сияқты тура әдебиеттің өзінде емес, физикада оқып жүр екен.
Қиыншылығы мен қызығы мол студенттік өмір де таусылды. Темірхан өмірдегі арқа сүйер аруын  сол жақтан тапты.  Айдай сұлу Құралай  жеңгеміз өзімен бірге оқыған Ленгірдің қызы еді.
Шымкент  педагогикалық   институтын 1985 жылы бітірген Темірхан  Арыс қаласына комсомолдық жолдамамен №13 мектеп-интернатына бейнелеу өнері және еңбекке балу  пәнінен мұғалім  болып орналасты.
Арыс қаласы Темірхан поэзиясына қанат бітіргендей. 1999  жылы «Жалын»  баспасынан  шыққан «Мерейлі мекен», «Мүшәйра», «Жыр додасы», « Арыс толқындары» атты жинақтарда өлеңдері басылды.  Оңтүстіктегі «Жібек жолы» баспасынан «Сырдың ерке самалы», «Шағала дауыс» атты жыр жинақтары шықты. Ақынға тілектес ауылдастары бұл кітаптарды қолдан-қолға тигізбей оқып шықты. Ауылын сағынған ақын Темірхан:
«Жаныңнан жырақ жүрмін мен, 
Демеші әке, жат бауыр,
Сыртымнан қарап сүйсінген,  
Ойымнан кетпей жатты ауыл», – дейді  туған жерін ұмытпай. Темірхан поэзиясы сыршыл, көркем образға толы. Сурет пәнінің мұғалімі болғасын ба, суреттеуі де керемет.
Көктем... көктем... кешігіп келгенмен,    
Иісі аңқиды ырыстың жөргегінен
Құрсағынан даланың құт төгіліп,
Тойдыра ма қарынды шелпегімен.
Томпақ  ерін ақ шуақ алмас тіліп,            
Бұтақ біткен өмірін жалғастырып.         
Баққа кірсең шаттықтан бас айналып,           
Тартқылайды көзіңді тоймас қылық,  – деп көктемді құлпыртқан Темірхан ақынның Түркістан облысында шыққан «шығармашыл зиялылар» атты жинаққа суреті мен өмірбаяны енген. Тағы да осы облыстағы  «Қазыналы Оңтүстік» атты көп томдық ғылыми кітаптардың 10-11-13-28-30-137-139  томдарында да оның шығармалары басылды. Темірханның ақындықпен қатар қара сөзбен де жазылған «Алаштың Алатау батыры», «Егіз арна», «Құт қонған шаңырақ», «Аталардың ақ жолы», «Ана бақыты» атты кітаптары да жарық көрді.
Темірхан – ағаштан түйін түйген ұлағатты ұстаз. Қазақтың қолөнерін дәріптеп жүрген ұстаздың шәкіртттері де биік белестерден көрініп, Темірханның мәртебесін көтеріп жүр. Оның осы ұстаздық  еңбегі жоғары бағаланып, оған «Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі» атағы берілді. Сабақ беру әдістері баспасөз беттерінде үнемі жарияланып тұратын жоғары санатты ұстаз. Қай өнердің басын ұстаса да, үнемі ізденісте жүретін ол «Қазақстандағы қосымша білім беру жүйесіндегі танымал 100 есім» атты республикалық  интернет-конкурстан озып, Қазақстандағы 100 мұғалімнің қатарына енген
Қашанда биязы, сыпайы қалпынан таймайтын Темірхан «сегіз қырлы, бір сырлы ақын». Сонау бір жылдардағы студенттік кештерде домбырамен ән шырқайтын Темірханның біршама көңіл көтерерлік әуені де бар еді. Сол әуен оны ән шығаруға  жетелепті. Бүгінде оның жиырмаға жуық әндері облыс, республика сахналарында орындалып жүр.
Жас сазгер, марқұм Жанар Байғұттиеваның «Қазағым», «Қоңыраулы қошақан», «Сәби сағынышы», тағы басқа әндерінің сөзін жазған. «Қазағым» әні республикалық  деңгейлерде  «Шалқар» радиосының алтын қорынан үнемі беріліп тұрады.
«Қоңыраулы қошақан» әнімен аттас Оңтүстік  Қазақстан облысында он жыл бойы балалардың ән-би байқауы өтіп тұрады. Темірханның сөзіне жазылған «Қоңыраулы қошақан» әні сол байқаудың әнұранына айналған.
Өнерді құрметтеген Оңтүстік өңірде байқау да көп, сайыс та көп. Темірханның сол байқаулардан  алған жүлделі орындары бір төбе. Астана қаласында 2011 жылы  өткен «Шаңырақ» этножурналистикалық байқауға қатысып, жүлделі орынды иеленген.
Кешегі бір нанды бөліп жеп, студенттік өмірдің қара шайын бірге ішіп, аядай бөлменің жарығын таң атқанша сөндірмей ақ қағазын жыр шумақтарына толтырып тастайтын Темірханда бүгінде атақ та, марапат та жетерлік. Ол Қазақстан Журналистер одағының, Халықаралық Жазушылар одағының, Оңтүстік Қазақстан облыстық  «Қаламгер» Жазушылар одағының мүшесі.
Республикалық «Болашақ»  газетінің ақылдастар алқасының құрамында болса, тағы да республикалық  «45 минут KZ» газетінің тілшісі. Сонымен бірге кеудесіне Қазақстан Республикасы «Мәдениет ісінің үздігі» төсбелгісін қадаған өнер иесі.
Қайран жастық, сері сүйген сол жастық,  
 Қауышқанда қауқылдасып  шаң бастық.
Лапылдаған алауыңнан ыстықтап,
Терін басқан сырбаз шақпен сырластық, – деп жастық шағын сағына жырлаған Темірхан ақын бүгінде алпыстың есігінен алшаң басып кірген  бақытты әке. Сүйікті жары, жеңгеміз Құралай  екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, ұяларына қондырған, сыйластығы мол отбасы. Сол өнегеліліктің арқасында Түркістан облысында өткен «Мерейлі отбасы» байқауына қатысқан олар, байқау қорытындысында жеңімпаз атанды.
Қашанда жаны нәзік Темірхан қоғамда кез келген құбылыстарды бей-жай жібере алмайды. Оның «Балалар үйінде» деген өлеңіндегі  мына бір жолдар кім-кімге де болса ой салары сөзсіз.
Көңілі тасып, арнасынан аспаған,         
Өмір жолын енді ғана бастаған.             
Жұмыртқадай аппақ мына сәбиін,    
 Қандай ана көзі қиып тастаған.
Кінәсі не желкілдеген  балғынның,    
 Көңіліне қалды ұялап салқын мұң.    
Безбүйректер бой үйретіп алыпты,     
Кешірімшіл мінезіне халқымның...
Ақын жаны қашанда нәзік. Айналамыздағы кез келген құбылыс оның  жүрегіне әсер етеді. Туған жерін  сағынады. Шын жүрегімен еске алып, туған жеріне өзінің жүректен шыққан жырын арнайды.
Қызылжардан шыққан анау атағы республиканы шарлап жүрген Шынберген ақын да, осы ауылдың түлектері, ақын-жазушылар Жеткерген Әбдіреев те, Жанділда Баймұратов та, Оңталап Базаралиев те, жас ақын Айдар Сайлауов та туған ауылдары туралы тебірене жырлаған. Темірхан да солай. Оңтүстіктің жылы ауасы маңдайынан сипап, самал желі шашынан аймаласа да,  Темірхан туған жерін ұмытпайды.
... Ескек есіп төселген,  
 Балықшыңды білемін, 
Толқыныңда есейген,
 Сары шалдың ұлы едім, – дейді ақын Темірхан. Иә, ол қыста шинелі саудырап, жазда теңіздің асау толқынымен арпалысқан «Құрмет белгісі» орденінің иегері Қыстаубай Қуанышбаевтың ұлы, Қазақстан Компартиясы ХVI съезінің делегаты Сейілхан Қыстаубаевтың інісі, аралдық жас ақын Алтынбек Қыстаубаевтың ағасы. Кіндік қаны тамған Сыр бойындағы Қызылжар елді мекенінің тумасы, №81 Қызылжар орта мектебінің алғашқы түлегі. Жақында ғана зейнет жасына жеткен Темірхан Әбдіковтің шығармашылық қоржыны әлі де молая түсетіні анық. Оңтүстіктегі жерлес ақынымызға біз де сәттілік тілейміз.
Жақсыбай Мусаев,
Қызылжар елді мекені
24 қараша 2020 ж. 402 0