Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қандай құрметке де лайық

Қандай құрметке де лайық

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Бұл атаулы күн Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ел құрметінің айқын көрінісі. Расында егемендікті еншілеп, еркіндік кеңістігіне жаңа қадам басқан елді бүгінгідей биікке көтерген тұлғаға қандай құрмет жасасақ та жарасады. Өзгелер ертеңіне елеңдей қараған сол кездегі Қазақстан мен қазіргі елдің деңгейін салыстыра қарасақ, өсім мен қарышты дамудың айғағына кедергісіз көз жеткіземіз. Ел астанасын Алатаудың бауырынан Арқаға көшіріп, арқаның төрінен еңселі қала тұрғызған Елбасының санаулы жылдардағы сансыз жетістігі тек қазақстандықтардың ғана емес, барша әлем елдерінің көз алдында. Бүгінде біздің елмен жаһан жұртшылығы санасатын дәрежеге жеттік. Бейбітшілік сүйгіш ел ретінде әмме әлемге атағы шыққан еліміздің қай жетістігінің артында болмасын Елбасының елеулі еңбегі жатыр.
Барша қазақтың бақыты үшін біліктілігін көрсеткен саясаткердің Арал үшін еткен еңбегі де өлшеусіз. Бір кездері экологиялық апат аймағына баланған айдынды өлкеге Нұрсұлтан Әбішұлының ықыласы бөлек болды. Екі мыңыншы жылдардың басында нақтырақ 2005 жылы Аралға жасаған сапарында ауызсуды тарту етіп тұрып «Ең таза ауыз су аралдықтарда» деген сөзі бүгінде теңізді өлке жұртшылығының ұранына айналғалы қашан.
Жоғарыда атағандай, теңізі тартылып, балық шаруашалығы құлдыраған халықтың бүгінде өшкені жанып, кеткені қайта оралды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап орын алған қауіптің салдарынан үдере көшкен халық қазіргі күні теңізімен қайта қауышып, балығы тайдай тулауда. Бұл да Елбасының ерен еңбегі. Ғасыр жобасы саналған САРАТС жобасының жүзеге асуына қолдау білдірген Тұңғыш Президентке елдің де ықыласы ерекше.
Осы тұста тағы бір айта кетерлік жәйт мынау. Былтыр 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында аудандық мәдениет үйінде өткен жиында ауданның «Құрметті азаматы», мәдениет саласының үздігі Шәкірат Дәрмағамбетов мынадай естелік әңгіме айтқан болатын.
«Елбасының Аралға жасаған қолдауы зор. Солардың бірін айтып өтейін. Қазір де ауданнан шалғай ауылдардың үстінен өтіп, Нұр-Сұлтан қаласына тіке тартатын темір жол салынды. Бұл шалғай елді мекендердің қатынасына қолайлы жағдай тудырып қана қоймай, Елбасының аралдықтарға деген ыстық ықыласын тағы бір танытты десем болады. Олай деуге себеп бар. Біреу білсе, біреу білмес. Осы темір жолдың салынуын сұрап екі аудан таласты. Ол жасырын емес. Аралмен қатар көршілес Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының жұртшылығы да шойын жолдан дәмелі болды. Қажеттілікті алға тартып екі елдің азаматтары, ел ағалары жиналып, Елбасы тарапына хат жолдадық. Міне, нәтижесін көріп отырсыздар. Бұл да Нұрсұлтан Әбішұлының Аралға көмегі деп білем» – деген болатын.
Осы тұста ел үшін туған тұлғаға тек аралдықтар, қазақстандықтар ғана емес, өзге елдер де құрмет көрсететінін айтып өткім келеді. Мәселен, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен өзгертілген Көкшетаудағы М.Горький атындағы көше Нұрсұлтан Назарбаев атына ауысқанынан бөлек, Алматы, өзге де аймақтарда Елбасы атына көше атауын беру – үлкен құрмет. Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшелер Түркияның Гебзе, Кыршехир, Евшехир, Адана, Шешенстан астанасы Грозный, Иордания астанасы Амман, Ингушетия астанасы Магаста қалаларында да бар.
Осыны ескере отырып, Арал үшін қолдауын аямаған тұлғаға өз қаламыздан неге бір көшенің атауын бермеске. «Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын!» деген Елбасының есімі аудан абыройын асқақтатар ма еді…
А. ҚОСБАРМАҚОВ,
Арал қаласының тұрғыны
01 желтоқсан 2020 ж. 599 0