Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел тұрғындары азық-түлікке қанша ақша жұмсайды?

Ел тұрғындары азық-түлікке қанша ақша жұмсайды?

Жылдың екінші тоқсанында үй шаруашылығына жұмсалған шығындар 566,3 мың теңгені құраған. Бұл былтырмен салыстырғанда 4,2 пайызға өсім бар екенін байқатады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ranking.kz дерегінше 500 мыңнан астам қаражаттың жартысынан көбі тамақ өнімдеріне жұмсалған. Нақтылап айтар болсақ, 301,1 мың теңгені азаматтар азық-түлік алуға жаратқан. Бұл дегеніңіз жоғарыда көрсетілген соманың 53,2 пайызы.
Сарапшылардың айтуынша, шығындардың басым бөлігінің азық-түлікке жұмсалуы оң көрсеткіш емес. Өйткені АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания, Ирландия, Канада, Швейцария, Австрия сияқты елдерде азық-түлік корзинасы шығындардың 10 пайызына да жетпейтін орын алады. Дамыған әрі бай елдерде тамаққа жұмсалған шығын мөлшері мүлде аз болады. Әзірге Қазақстан аталған тізімге ене алмай келе жатыр. Жақын арада баса-көктеп ене қояр сыңайы да байқалмайды.
Өңірлік көрсеткіштер бойынша, тамаққа ең аз ақша жұмсайтын аймақ – Нұр-Сұлтан қаласы екен. Елорда тұрғындары бүкіл шығынның 44,3 пайызын ғана азық-түлікке бөлген. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында да көрсеткіш жаман емес: 45,3 және 45,5 пайыз. Жалпы алып қарағанда 17 аймақтың бесеуі ғана шығындардың жалпы сомасының жартысынан азын тамаққа жұмсаған.
Ал азық-түлікке ең көп ақша жұмсайтын аймақтар – Түркістан (65,6), Маңғыстау (62,5) және Атырау (61,5) облыстары.
egemen.kz
03 желтоқсан 2020 ж. 364 0