Мұқтаждық пен масылдық. Аражігі қандай?

Қайырымдылық шаралары осыдан басталды. Оны Қызылордаға келгеннен кейін де жалғастырды. Құрбан айтта ет, азық-түлік таратты. Көпшілікте түрлі сұрақтар туындаған соң қор ашты. «Мен мемлекеттен не аламын деп емес, мемлекетке не беремін» деген мақсатпен жұмыс басталып кетті. Қордың негізі аймаққа белгілі кәсіпкерлермен бірігіп қаланды. Қазақта «оң қолын бергенді, сол қолың көрмесін» деген сөз бар. Ол кісілер жариялылықты қаламайды, бұдан пайда табуды көздемейді. Асхаттың да, құрылтайшылардың да жеке кәсібі, жұмысы бар. Садақаларын, көмекке зәру жандарға қол ұшын беріп отырады. Міне, осы істің бел ортасында жүргеніне де биыл бес жыл болыпты.
Жылда дәстүрге айналып келе жатқан «Мектепке жол», тал егу акциясы, азық-түлік, көмір тарату, «Жанұя жанұяға көмектеседі» секілді жеті жоба бар. Соңғысы бойынша әлеуметтік дүкен тұрақты жұмыс істеп тұр. Кез келген адам өздеріне қажетті киім-кешекті ала алады. Ал «Өзгеге өмір сыйла» акциясының атқарар жүгі мен жауапкершілігі ерекше. Соның аясында биыл көптеген жарымжан жандарға қолдан келгенше көмектесуге тырысты.
– Кейде азық-түлік немесе үй беріп, жаман үйретіп алдық па деп ойлаймын. Себебі бізден азық-түлік, мешіттен ет алып күн көріп, қол қусырып отырғандар бар. Ол келесі бір отбасының психологиясына әсер етуі мүмкін. Масылдық пайда болады. Сондықтан «артық қыламын деп, тыртық қылып алмаудың» жолын іздеуіміз керек. Осы орайда, «Екі қолға бір күрек» деген жоба жасадық. Жұмысқа орналастыру мақсатында жұмыссыздарды іріктегенімде, қырыққа жуық адам шықты. Оның онын жұмысқа орналастырдым. Бірақ соңында кейбірі ащы судың кесірінен шығып қалды, енді бірі жалқаулық басып бармай қалды. Тек 4-5 адам ғана қалды. Әлде, мен дұрыс таңдай алмадым ба, білмедім. Қарнымның ашатыны – жұмысқа жарамды адамның жұмыс істегісі келмейтіні. Қара жұмыс істеуге намыстанады, ал бала-шағасының аш, өзінің қол қусырып отырғанына намыстанбайды, – дейді А.Байдәулетов.
Жомарт жүрек иесінің мына пайымы көпшілікке ой саларлықтай екен.
– Бала күнімдегі мына оқиға есімнен кетпейді. Анам үйге тәттілер, печенье әкелетін. Соны балаларға таратып беретінмін. «Өзің жемейсің бе?» десе, «олар да жесін» деп айтатынмын. Ол кездері «Сникерс» шоколадының енді шығып жатқан кезі. Қазіргідей қолжетімді емес, ойын балалары үшін таңсық ас. Анам әкелген кезде далаға шықсам, балалардың барлығы «бір тістейінші» деп сұрайтын. Сонда өзіңе қалмайды. Егер «сендерге садақа» десең, ешкім алмай қоятын. Ал қазір сол сөздің қадірін түсіріп алғандаймыз. Себебі аяқ-қолы балғадай азаматтар да садақаны намыстанбай алатын жағдайға жеттік. Осыған қынжыламын. Ол кездері тұрмысымыз қазіргіден де жаман болса да, шынымен мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі, асыраушысы жоқ жандар алатын. Біздің негізгі ойымыз – осы мұқтаж топ пен кәсіпкерлер арасына дәнекер болу. Берілген садақаны шынайы мұқтаж адамға жеткізу. Бұл тізімді өзіміз құрастырамыз. Еріктілер барып тілдесіп, жағдайын көзбен көріп келеді. Өзге де қоғамдық қорлармен тығыз байланыс жасап, бір адамның бірнеше рет алмауын, барлығының толық қамтылуын назарда ұстап отырамыз. Мұндағы мақсат – сұраншақтықты кәсіп қылып алған адамдар мен шын мұқтаждың аражігін ажырату.
Ол адам бойындағы қарапайымдылық, шынайылық, ашықтықты бағалайды. Себебі қарапайым адам өтірік айтпайды. Оның ар жағында арам ой болмайды. Өзі де осы қасиетті жоғалтып алмауға тырысады. «Жақсылыққа шақыр, жамандықтан тый» деген ұстанымнан айнымайды. Бастысы адамдар отбасынан, балаларынан бас тартпаса екен деп тілейді. Өйткені соның салдарынан туындаған қиындықтардың кесірін тартқан тағдырларды күнде көріп жүр. Ізгілік шуағын тарату екінің бірінің қолынан келмейді. Ал Асхат «қайырым жасау үшін ниет пен жанашырлық жеткілікті» деген оймен жұмысын жалғастыра береді.
Мөлдір ҚОЖАХМЕТОВА,
облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының маманы