Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызмет – қоғам айнасы

Мемлекеттік қызмет – қоғам айнасы

         Әлемдегі барлық елдердің даму жолында мемлекеттік қызметтің қосар үлес салмағы ерекше. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жылға жуық уақыт аралығында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев "Қазақстан 2050" Стратегиясында мемлекеттілікті одан әрі нығайту халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндеті тұрғанын айтқан еді. Соған сәйкес мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар жүзеге асып, мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі әзірленді. Сондай-ақ бес институционалды реформаны іске асырудың 100 нақты қадамының алғашқы он бес қадамы Кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталғаны белгілі.
         Хакім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген болатын. Өз кезегінде кәсіби мемлекеттік қызметші, білімді, білікті, заман талабына сай талаптарға жауап беретін, ең бастысы, биязы мінезді, әдепті маманы болуы қажет. Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметшінің жағымды бейнесін қалыптастыру және мемлекет дамуына сапалы үлес қосу бағытында кешенді жұмыстар жасалынуда.
          «Мемлекеттік қызметке біз жұмыс істеу үшін шақырамыз. Себебі  халқымыз бізді өзіне жұмыс істеу үшін жалдайды. Сондықтан біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады» деген Елбасы сөзі әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті болуы керек. Сонымен бірге азаматтардың заңсыз іс-әрекеттерді жасауға мейлінше тосқауыл қоюымыз қажет. Осы ретте мынадай бір мысалды келтіргім келеді. Ертеде Хазіреті Омар кешкілік үйінде май шаммен қазынаның жұмысын істеп отырады. Осы мезетте есік қағылып, ішке рұқсат сұрап өз шаруасымен бір адам келеді. Хазіреті Омар май шамды қолымен өшіріп, екінші май шамды жағып, келген адамның шаруасын сұрайды. Әлгі адам шаруасын бітірген соң кетерінде «мына май шамдардың қандай айырмашылығы бар? Жарық сәулесі бірдей ғой» деп таңдана сұрақ қояды. Сонда Хазіреті Омар «мен істеп отырған жұмыс та, май шам да қазынанікі, ал, сіз жеке шаруаңызбен келгендіктен, оған өзімнің жеке май шамымды қолдандым» деген екен. Осындай әдепті әрбір мемлекеттік қызметші саналы түрде түйсінуі керек. Біз өз тарапымыздан қазынаның мүлкін үнемді, тиімді пайдаланып та мемлекетке орасан зор пайда әкелуге толық мүмкіндігіміз бар.
          Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы басты құралы – Әдеп кодексі, ол – жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейтін маңызды құжат. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетін ғана емес, сондай-ақ олардың өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандарттарын бекітеді. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық секілді принциптерді ұстануы керек. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде сөйлеп отырған адамның сөзін бұзбай, азаматтың сұрақтарын мұқият тыңдау, әңгімелесушіге ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру, толық консультация беру және болуы мүмкін тәуекелдер туралы азаматтарды хабарландыру, жасы үлкен адамдарға, ардагерлерге, мүгедектерге ізгі ниетпен қарау, оларға қажетті көмекті көрсету сынды қағидаларды сақтау керек. Жұмыстан тыс уақытта да, жалпы қабылданған моральдық әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамдық жат мінез құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан күйде болу жағдайларына жол бермеуге тиіс.
         Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.
Мемлекеттік қызметшілер алдына келген адамның мәселесіне жете мән беріп, шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Кез келген адамды тыңдай білу және кеңдік көрсету ең алдымен адамның саналылығын білдіреді. Жүректерге жол табу, кісінің көңілінен шығу – қазаққа тән қасиет десек, халқымыз кең де көркем  мінезімен көп нәрсені оңтайлы шешіп отырған. Сондықтан халыққа қызмет етудегі басты ұстаным – қарапайымдылық, әділдік пен адалдық болуы керек.
З.Айтжанова,
Арал ауданаралық әділет басқармасының басшысы,
ҚР Заңгерлер одағының мүшесі
12 желтоқсан 2020 ж. 1 117 0