Ақталған ару
...Қазалы ауданы, Мұратбаев колхозында 1967 жылы Есет пен Бибігүлдің шаңырағына шаттық қонды. Яғни тұлымшағы желбіреген қыз бала өмір есігін ашып, отбасының сәніне айналды...
Сол сәбидің мектепке қадам басар кезі-тұғын. Қамқор жандары оны жергілікті жердегі №91 орта мектептің ұстаздарына зор сеніммен тапсырды. Алғыр шәкірт білікті мұғалімдерден саналы тәрбие, сапалы білім алып, ой танымын кеңейте түсті. Сөйтіп, замандастарымен қатар білім ұясымен қимай қоштасты. Кешегі бала үлкен жолға қадам басып, қияға қанат қомдады. Бұл – 1985 жыл болатын. Алда асқақ арман. Бибізада Абишева да сол арман жетегінде Алатау баурайындағы Алматыны бетке алды. Сол бір әсем шаһардағы Алматы электро-байланыс техникумына оқуға түсіп, студенттік шақтың қызығы мен шыжығын бастан өткеріп жүрген. Бәрі әп-сәтте өзгерді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған студенттер сол кездегі озбырлық саясатқа қарсы тұрып, өз көзқарастарын жоғарғы билікке жеткізу үшін бейбіт шеруге шығып жатқан. Бойында елжандылық қасиет басым Бибізада да 2 курста оқып жүргенде қатарластарымен бірге өз талабын айту мақсатында алаңға шықты.
–Ойымызда ештеңе жоқ. Бәріміз бір-бір ата-ананың үкілі үмітіміз. Өрімдей өрендер елім-айлап ән шырқап, республика басшыларына талап-тілектерін жеткізуге асықты. Бірақ бәрі басқаша өрбіді. Сол желтоқсанның ызғары есіме түссе, әлі бойым да, жүрегім де мұздайды. Шындығын айтса, арыстанның аузына барып түсеміз деп еш білмедік. Алаң аласапыран күйге түсті. Мұздай қаруланған әскер тобымызды тарқатуға барын салды. Итке қаптырып, таяққа жықты. Қаншама жалындай жігіттер мен өрімдей қыздар тепкінің астында қалды, – деп, өткен күндердегі өмір өткелдерін мұңая еске алып, үстіміздегі жылдың 15 маусымында ақталғаны жөнінде куәлік алғанын жеткізді. Осылайша редакция қосынына келіп, тәуелсіздік күні қарсаңында нақақтан күйіп, талай жыл жалалы болған өзінің жағымды жаңалығымен бөліскен Бибізада бүгінде ақталуына әлеуметтік желі үлкен себеп болғанын айта келе, оған қоса еңбек нарығы секторының меңгерушісі Алдамжар Жаймақовтың да құжаттарды рәсімдеуге ерекше үлес қосқанын тілге тиек етті.
Иә, жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Желтоқсан оқиғасының куәгері ретінде қудаланып, талай қиындықты бастан кешкен Бибізаданың қазіргі таңдағы ішкі сезімін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес те шығар. Ол Байтұрсынов емханасында еңбек етеді. Сондай-ақ 4 перзенттің анасы. Жолдасы Өміржанмен бірге алтын асықтай ұл-қыз тәрбиелеп отырған қаладағы мақтаулы отбасылардың бірі. Көз жанарынан қуаныштың ұшқыны сезілген жанға нендей тілек айтасыз дегенімізде:
–Бәрі – тәуелсіздіктің арқасы. Ендігі жерде еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын. Қаншама желтоқсаншылар осы күнге жете алмай, бақилыққа аттанды десеңші. Лайым, алдағы уақытта жаладан жапа шеккен жандар болса, оларға да ақталудың бақыты бұйырсын, – деген тілегін алға тартты. Лайым, солай болғай!
А.Жайшылық.