Көпшілік картаға неге құнығады?
Біздің бала күнімізде ауылда электр жарығы сағатпен жанатын. Кешкі сағат 8-де жанып, 10-да өшіп қалатын. Ол кезде телефон деген атымен жоқ. Тек ауыл әкімі мен мектеп басшысының үйінде ғана бар. Сол кезде қыстыгүні малын жайлап, кешкі ас ауқатын ішіп болған әкелеріміз өздеріне ермек қылып жолдастарының басын қосып, сығырайған шамның жарығымен карта ойнайтынын көретінмін. Сондағысы – пәлендей ақша емес, сіріңке тігіп ойнайтын. Анам мұнысын жақтыртпайтын. Бірақ әкем құмар ойынға жақын болған емес. Осылай арагідік қызықпаса, салынып, ізін қуалап ойнаған емес. Тіршіліктен қолы тие бермейтін. Қазір қарап отырсам, жасы да, кәрісі де осы бір карта ойынына құмартып алған секілді.
Жуырда жақын ағайынымыздың баласы әскерден келіп, соған дастарқан жайды. Жоспарланған уақытта ауылдың үлкендері, ағайын-туыс жиналды. Шай ішіліп, ет желінген соң, жұртшылық қайта бастады. Тек бір топ үлкен кісілер ғана қалды. Сөйтсем, олар карта ойнап жатыр екен. Бір үлкен бөлмені иемденіп алып, еркін жайғасқан. Қызығына түсіп сол орнынан түн жарымында бір-ақ тұрды. Бұл-бұл ма? Сарайға барсақ, жастар жиналып алыпты. Олар да карта ойнап жатыр. Іштей бұл қалай болғаны деген ойда қалдым. Сол жерде үлкен аналарымыз:
– Карта деген пәле шықты. Қазір кәрі де, жас та бар тапқанын картаға салатын болыпты. Өткенде пәленшенің баласы солайым айлығын ұтқызып, қолы құр келіпті. Оған бір отбасы аузын ашып қарап отыр. Қызық па деймін, балалары не тамақ жейді сонда?! Бұл аз дегендей, карта ойнайтындардың тобыры бар екен. Солар алма-кезек үйлеріне қонақ етіп шақырып, жата- жастана карта ойнайтынын көзіммен көрдім. Бұл азғындық қой, – деп күбірлесіп жатты.
Шынымен де, көп байқап жүрмін, қазір бас қосылған жерде карта ойналатын болған. Тіпті ертесіне сонысын әңгімелеп, өздерінше мәре-сәре болады.
– Ой, кеше досымның туған күнінде қырғын ойын болды. Оның ұжымдастары келген. Бір-екі ағатай (мужик) бар екен, жақсы ойнап қоятын. Жақсы келе жатыр едім. Басылып қалдым. Не керек, 20 мыңға қадалдым, – деп көкиді жастар.
– Біз де кеше жиналып, біраз ойнадық. Кезек Бекаға келген. Соның үйінде бас қостық. Елу мың салып барғанмын. Қол шықты. Жақсы болды. Енді келер апта біздің үй деп отырмыз. Бұл жолы Куканың ағалары (братандары) келмек, – деп масаттанды екіншісі.
Не керек, қазір осы жастарға тоқтау салатын құзырлы мекеме болмай отыр. Шалдарың да, балдарың да карта қуалап жүр. Мұны көріп, жаңа буын өсіп келеді.
Мұны кейбіреулер әншейін уақыт өткізіп, басқосу деп өздерінің алдау сөздерімен жұбатады. Мейлі ғой. Бірақ оның астарында оңай олжа, еркектің ерігіп ермек қуғандығы жатқан жоқ па?!
Неге сол ойынға кеткен алтын уақытын басқа қайырлы іске жұмсамасқа?! Қазір еңбек етем деген адамға барлық жол ашық. Жастар түрлі істі меңгеріп, адал еңбекпен нан тапса, көне көздер өсиетті әңгімесін айтып, терме, жыр тыңдап, сол жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптесе жарасымды болар еді.
Картаға құмарлық қазіргі қоғамда өршіп тұр. Бұл бәріне таныс. Дұрыс емес екендігін білеміз. Біле тұрып, сол ойынды ойнаймыз. Бұған бір тоқтам керек сияқты...
Назерке МаратАрал ауданы