Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еріктілер елеулі еңбек етті

Еріктілер елеулі еңбек етті

Статистикалық  мәліметке сүйенсек, Арал ауданында 14 пен 29 жас аралығында 18 314 жас бар. Осылайша жастар жалпы  аудандағы халық санының 23,3 пайызын құрап отыр. Бүгінде мемлекет тарапынан жастар саясатының жүргізілуіне көптеген мүмкіндіктер жасалуда. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Волонтерлар жылы» деп жарияланды. Бұл ерікті жастардың еңбегінің елене түскенін аңғартты. Арал ауданының жастары да жыл көлемінде бірқатар ауқымды істер атқарып, еріктілер мемлекет мәселесіне қолдан келгенше қолдау көрсетті.

         Жыл басында Нұр-Сұлтан қаласындағы ЭКСПО көрмесінің “Art Hub” павильонында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен волонтерлердің “Birgemiz” атты республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанаты өтті. Аталған маңызды шараға  аудандағы «Арал мейірімі» қоғамдық қорының жетекшісі А.Оңғаров пен «Жас толқын» еріктілер тобының волонтерлері  Е.Сабырбай қатысып қайтты.
– Биылғы жыл жастарға үлкен мүмкіндікпен қатар міндет те жүктеді.  Аудан еріктілері Мемлекет басшысы қолдау білдіріп, Нұр-Сұлтан қаласының еріктілері жариялаған «Біз біргеміз» челленджіне үн қосып, белсенділік танытты. Және де аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Жас толқын» еріктілер тобы елімізде орын алған пандемия уақытысында ауданда  дерттің алдын алу мақсатында өткізілген  90-ға жуық шараға қатысты. Негізінде еріктілер жылында аудандағы ерікті жастармен бірлесе отырып, көптеген жаңа жобаларды қолға алған болатынбыз. Бірақ әлемдегі орын алған ахуалға байланысты орындалмай қалды, – деді Жастар ресурстық орталығының басшысы А.Әзілханов
         Сонымен қатар ауданда «BIRGEMIZ: Saylyg» жобасы аясында коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан арнайы штаб құрылды. Ерікті жастардан құрылған аталмыш штаб аудандағы адам көп шоғырланатын орындарда арнайы әзірленген үнпарақтар, жадынамалар, әдістемелер мен
7 000-нан астам медициналық бетперделер (маска) таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келді. Оған қоса, ерікті жастар тарапынан әлеуметтік желілерде «үйдебол, үйденшықпа, елдісақта» хэштегтері бойынша челлендж ұйымдастырылды. Әсіресе аудандағы «Арал мейірімі» қоғамдық қоры әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету мақсатында түрлі акциялар мен қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мұқтаж жандарға  қол ұшын созып келеді.
         Түркістан облысында орын алған жағдайға байланысты ауданымыздағы ерікті топ, зардап шеккен тұрғындарға көмек жинауды қолға алып, әрқашанда жақсылыққа жаны құмар аудан тұрғындары Мақтаарал халқына мүмкіндігінше қажетті заттарды жинақтауға белсене атсалысты. Нәтижесінде  ауданымыздан азық-түлік пен қажетті гигиеналық заттар тиелген үш автокөлік, жалпы салмағы 10 тонна болатын жомарт халқымыздың аманаты табысталды.
         – Атаулы жыл аясында барлық санаттағы аудан жастарының қамтылуымен мерекелік, спорттық, кеңес беру шаралары өткізіліп, оған 12 мыңға жуық жас қамтылды. Жылды қорытындылай келе, «Волонтерлер жылын» қорытындылау мақсатында  форум өткізіп, жыл бойы белсене жұмыс атқарған жастар марапатталды.  Бүл жыл біздің ерікті жастарымыздың мәртебесін көтерді. Олардың еңбегінің елеусіз емес екендігін көрсетті,  – деді Абай Әзілханов
         Еріктілік – жастарды елдің мәселесіне бей-жай қарамай, қоғамның дамуына үлес қосуға ұмтылған жастардың бастамашыл ісі. Бұл жылы аудан еріктілері айтарлықтай істер атқарды. Алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Н. Маратқызы,
Арал ауданы
26 желтоқсан 2020 ж. 369 0