Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда еріктілер жылы қорытындыланды

Аралда еріктілер жылы қорытындыланды

Ізгі қоғам қалыптастыру үшін волонтерлықты дамытудың маңызы зор.

Кеше Арал ауданында «ВОЛОНТЕРЛІК – ӨМІР БЕЛЕСІ» атты волонтер жылының аудандық қорытынды шарасы өтті. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Абай Әбілбаев және ауданымыздағы түрлі сала бойынша жұмыс атқарып жүрген волонтер жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Басқосуды ашқан аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов биылғы еліміздегі сындарлы кезеңдерде аудан еріктілері белсенділік танытып, ауқымды жұмыс атқарғанын тілге тиек етті. Соның ішінде, аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Жас толқын» еріктілер тобы елімізде орын алған пандемия уақытында дерттің алдын-алу мақсатында өткізілген 90-ға жуық шараға белсене қатысып, 7000-нан астам бетперделер таратқанын, аудандағы «Арал мейірімі» қайырымдылық қорының қажырлы еңбектерін ерекше атап өтті.

– Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылғы 26 тамыздағы Жарлығымен, 2020 жыл - «Волонтер жылы» деп жарияланды. «Еріктілер жылы» аясында аудан жастарының үйлестіруімен бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Сіздердің қоғам үшін жасаған пайдалы істеріңіз қашанда жоғары құрметке лайықты деп білемін. Осы орайда, ауданымыздың дамуына үлес қосып жүрген жастарға, волонтерлерге шынайы алғысымызды білдіремін!, – деді Б.Ұлыбекұлы.

Басқосуда волонтерлар жылы аясында бірқатар белсенді жастар мен еріктілер облыс, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Шара соңында еріктілер қауымы «Біргеміз» әнін тебірене шырқады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі





26 желтоқсан 2020 ж. 567 0