Жаңа қаулыда оқушылар мен студенттердің қалай білім алатыны нақтыланды

Жаңа қаулыда 2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап 300 оқушыға дейінгі контингенті бар қалалық және ауылдық мектептерде дәстүрлі форматта оқытуға болады делінген. Бірақ ол жердегі балалар саны 15 адамнан аспауы тиіс.
Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептерде кезекші сыныптарда, 1-ден 5-ке дейінгі сыныптарда, халықаралық мектептерде – ата-аналарының қалауы бойынша 15-тен аспайтын сыныптардың толық жиынтығын ескере отырып, 7-сыныпқа дейін білім беру дәстүрлі форматта жүргізіледі.
«Ал оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) үшін аптаның 6 күні ішінде аралас оқытуға: пәндердің 70%-ін штаттық режимде, 30%-ін қашықтықтан оқытылады. Бірақ сыныпта 15 адамнан артық емес, әлеуметтік қашықтық сақталып, 1 сынып – 1 кабинет қағидаты бойынша оқытылуы тиіс. Сонымен қатар, бір уақытта мектепте жобалық қуаттың 30%-інен аспайтын адам болып, санитариялық-дезинфекциялық режим сақталып, маска режимі күшейтілуі керек», – деп көрсетілген қаулыда.
Сонымен қатар, екінші семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері үшін күндізгі оқытуға рұқсат етіледі.
Оған қоса «Балдәурен» республикалық білім беру-сауықтыру орталығы мен «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру-сауықтыру орталығының қызметіне аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал ескеріле отырып, жұмыс істеуіне болады.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.