Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Келер жылға болжам

Келер жылға болжам

Қазіргі уақыт үміт пен үрей, сенім мен күмәнға толы. Әсіресе биылғы жыл өзіндік ауыртпалығымен тарих қойнауына енгелі тұр. Бейбіт заманда еркін өмір сүріп, аста-төк өмірге бейімделіп қалған бүгінгі ұрпақ елдің басына түскен нәубеттің анағұрлым ауыртпалығын сезінгендей. Десе де жақсы күндерден үміт күтетін халық үшін көңілге медеу болатын жылы сөзден артығы болмай тұр.

Иә, сиыр жылы сығалап босағада тұрған тұста, табалдырықтағы тышқан жылы түстік уақыттан соң тарих қойнауына жол тартпақ. Бұл жыл несімен есте қалды деп өткенге мойын бұрар болсақ, ауыртпалық жүгі еңсемізді езері сөзсіз. Дұрысы, алдағы жылдан үміт күту керек сияқты. Сонымен, болжамшылар келер жылға қандай байламды ой, пайымды пікір айтып отыр, осы жағына тоқталсақ.
Қазақта жыл қайыру 12 жылдан тұрады. Ол он екі жылға аң мен жануардың аты қойылған. Айналымның басын тышқан бастайды, одан кейін сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз деп аяқталады да, қайта жалғасады. Осылай айналып келе жатқан жылдар жігінде үй жануарларының еншісіндегі жылдардың жайлы болатыны жиі айтылады. Оның ішінде сиыр да бар.
Негізі, жыл санау мен жыл қайырудың алғашқы деректері VIII ғасырдағы «Күлтегін» ескерткіштері мен ХІ ғасыр ғұламасы Махмұт Қашқаридың еңбектерінде кездеседі. Қазақстандық этнограф А.Тоқтарбайдың айтуынша, жыл қайыру алтыншы-жетінші ғасырда пайда болған, оның ішінде кей жылдың аты Шығыс күнтізбесінен енген.
Оның пайымынша, қазақ күнтізбесі бойынша сиыр жақсы, жайлы жылдардың бірі деп саналған. Себебі жаман жылдар тарихта бар, мысалы, қоян жылы қазақ күнтізбесі бойынша ең жаман жыл. Тышқан жылы, жылқы жылында соғыс, ұрыс-керіс болған. Сиыр – жуас, момын мал. Екіншіден, ертеректе кедей от- басында бір сиыр болса, сол барлығын асыраған. Бір сиырды сол үйдің анасы деп атайтын кезеңдер де болған тарихта.
Ал астролог, психолог Б.Ақанованың айтуынша, 2021 жыл өткен жылға қарағанда жеңіл болады. Қаңтар, ақпан айлары қиындау болуы мүмкін, дей тұрғанмен, наурыздың аяғынан бастап коронавирусқа қатысты жағдай жеңілдейді. 2021 жылдың қарашасына дейін қысым сезіледі. Қаржы дағдарысы жалғасады және үнемдеу алдыңғы орынға шығады. Валютаның әсер етуінен өзгерістер болуы мүмкін. Адамдар экологияға мұқият бола бастайды, дұрыс тамақтануға қызығушылық пайда болады.
Елдегі экономикалық жағдай тек 2021 жылдың соңына қарай тұрақтана бастап, осы кезеңде саяси салада сенімділік байқалады-мыс. Ауыл шаруашылығын, жер қойнауын пайдалануды дамытуға баса назар аударылады, негізсіз инвестициялар болуы мүмкін, мұнда «жеті рет өлшеп, тек бір рет кесіп тастау керек» позициясын сақтаған жөн.
«Туған ай туралған еттей» деген халқымыздың түсінігінде айдан айдың, жылдан жылдың жаманы жоқ. Бастысы, бар қиындық артта қалып, қазақ халқы бәз баяғы күніне қайтып оралса, нұр үстіне нұр болар еді. Болжамшылардың пікірі де соған саяды. Лайым солай болғай!
Алтынбек Аманов
31 желтоқсан 2020 ж. 864 0