«Бәріне қарсымын»: сайлау бюллетенінде тағы бір таңдау ұяшығы болады
Барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн. Бұл туралы 7-ші шақырылған Парламенттің 1-ші сессиясын ашқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Біздің басты мақсатымыздың бірі – адам құқықтарын толық қорғау. Бұл ретте, азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету өте маңызды. Әлемдік тәжірибеде адамның қандайда бір сайлауға келіспейтінін немесе үміткерлердің бәріне қарсы екенін заңды түрде білдіру құқығы кеңінен қалыптасқан», – деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті шын мәнінде баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс екендігін баса айтты.
«Сондықтан барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын« деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды. Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?!», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.