Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус қайта өршіп келеді

Коронавирус қайта өршіп келеді

Әлемнің бірқатар елінде вакцина салу басталып кеткеніне қарамастан коронавирус пандемиясы әлі де бәсеңдемей тұр. Тіпті кей мемлекеттерде вирус өршіп барады. Соған байланыс­ты қатаң шектеу шаралары күшейтілмек. Шартарапта індет салдарынан қайтыс болған адамдардың саны екі миллионнан асты. Жалпы, Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, пандемия басталғалы бері 93,4 миллионға жуық адам вирус жұқтырған. Өкінішке қарай, Еуропада күн сайын мыңнан аса науқас көз жұмады.

Кәрі құрлықтағы ахуал күр­­деленіп барады. Мәселен, Ұлы­­британияда елге шетел­дік­тер­дің кіруіне тыйым салын­бақ. Премьер-министр Борис Джон­сон 18 қаңтар күн­гі сағат 04:00-ден бастап әлем­нің бар­лық елдерінен келе­тін мей­ман­дардың кіруі тоқтаты­латынын мәлімдеді.
Осыған байланысты Тұман­ды Альбионға ат басын тірейтін­дердің бәрі елге келмес бұрын коронавирусқа тест тапсыруы қажет. Сондай-ақ Ұлыбритания аумағына келгеннен кейін 10 күн оқшауланбақ. Немесе 5 күндік оқшаулаудан соң қайта тест тапсыруы тиіс. Ұлыбританиядағы мұндай шектеу шаралары 15 ақпанға дейін жалғасады.
Егер эпидемиялық жағдай тұрақ­­талса, оны біртіндеп жеңіл­дету қарастырылған. Биліктің хабар­лауынша, қазірдің өзінде оқ­шау­лау шаралары нәтиже бере бас­таған көрінеді. Мәселен, кейін­гі бірнеше күнде жаңадан нау­қас­танғандар саны күрт азайған.
Соған қарамастан, Англия астанасы Лондонда тағы бір уақытша мәйітхана жұмыс істей бастады. Жоспар бойынша, мәйітхана 1300 мүрдені қабыл­дауы тиіс. Пандемияның алғаш­қы толқыны кезінде Лондонда уақыт­ша төрт мәйітхана ашыл­ған еді.
Лондон мэрі Садық Хан­ның мәліметіне сүйенсек, Ұлы­британия астанасында пандемия құрбандарының саны 10 мыңнан асты. Бір апта ішінде салынған мәйітхана тоңазытқыш қондырғылары бар шатырлардан тұрады. Осындай уақытша нысандар басқа да ағылшын қалаларында бой көтермек.
Бұған дейін Ұлыбритания және басқа да бірқатар ел Оңтүс­тік Америка, Португалия және Кабо-Верде елдерінен келетін жо­лау­шыларға уақытша тыйым салған-тұғын. Себебі жапон ға­лымдары коронавирустың жаңа, «бразилиялық түрін» анықтап, аталған мемлекеттерде өршіп тұрғанын мәлімдеген-ді.
АҚШ-та пандемия басталға­лы коронавирус індетін жұқтыр­ғандардың саны 23,5 миллионға жетті. Оның 39 мыңнан астамы ке­сел­ден көз жұмды. Елде ке­йінгі екі апта ішінде вирус құр­бан­дарының саны 42800-ден асып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Орта есеппен алғанда тәулігіне 3 мыңға жуық адам қауіпті ин­фек­циядан көз жұмады. Маман­дар алдағы 6 күнде тағы 14 мың­нан астам америкалық тұр­ғын өмірі­мен қоштасады деп отыр. Пре­зиденттік сайлауда жеңіс­ке жеткен Джо Байден ел тұр­ғын­дарын маска тағу режімі­нен бас тартпай, қауіпсіз арақашық­тық­ты сақтап, халық көп жиналатын орындарға бармауға шақырады.
Індеттің күрт өсуі салдарынан Бразилиядағы ауруханаларда оттегі қоры түгесілуге жақын. Бө­лім­шелерде бос төсектер, өк­пені жасанды желдету аппарат­тары мен оттегі маскалары да қал­маған. Дәрігерлер ауру­хана­ларға жеткізіліп жатқан жаңа пациенттерге көмектесуге қау­қарсыз екенін айтып отыр. Қара­пайым халық туыстарына от­тегі баллонын жеткізу үшін кезек­ке тұрып, әуре-сарсаңға түскен.
Қазіргі таңда Бразилия коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде үшінші орында тұр. Бұл елде 8,3 миллион тұрғын дерт­ке шалдыққан. Ал 207 мың науқас өлім тырнағына ілінді. Осылайша, қайтыс болғандар көрсеткіші бойынша Бразилия екінші орынға шықты.
Германияда коронавирус жұқ­­­тыр­ғандар саны 2 мил­­л­ион­нан асты. Осыған бай­ла­ныс­­ты Гер­мания канцлері Ангела Меркель федералды аумақ бас­шы­ларымен жиын өткі­зіп, қатаң локдаун енгізу қа­же­ттігін жеткізді.
Португалияда жаппай локдаун жарияланды. Карантиндік шектеу 30 қаңтарға дейін созылады. Мектептер, азық-түлік дүкендері, ветеринарлық клиникалар, наубайханалар, гүл дүкендері мен қонақүйлер ашық күйінде қала бермек. Жауапты билік өкілдері азаматтардан еш себепсіз үйден шықпауға кеңес беріп отыр.
Венгрия Қытайдың CoronaVac вакцинасын мақұлда­ған алғашқы еуропалық ел атануы мүмкін. Премьер-министр Виктор Орбан дәл осы вакцинаны қолдану қажет екенін айтады. Сондай-ақ ол елдегі тиісті мекемелерді тезірек шешім қабылдауға шақырды.
Аустриядағы Китцбюэль тау шаңғысы курортында ін­дет  жұқ­тырғандар күрт көбей­ді. Жер­гілікті аумақ басшылы­ғы­ның пі­кіріне сай, бұған Ұлы­бри­та­ния­дан келген нұсқаушылар кі­нәлі. Енді курорт басшылығы өз қал­тасынан қаржы шығарып, бү­кіл округтегі тұрғындарға тест тап­сыртуды жоспарлап отыр.
Испанияда рождестволық ме­ре­келерден кейін індет күрт өскен. Қазіргі таңда елдегі ауруханаларда вирус жұқтырған 19 мың науқас жатыр. Олардың көпшілігі қаңтар айының басында вирус жұқтырған.
Қытайда да вирус қайта өр­шіп барады. Таяуда өткен жыл­дың 1 наурызынан бергі ең жоғары тәуліктік көрсеткіш тір­келді (144 жағдай). Науқас­тар­дың көпшілігі 22 миллион халқы бар Хэбэй провинция­сында тұрады. Осы провинция­да шұғыл түрде 3 мың орын­дық аурухана-изолятордың құрылысы басталды.
Жоғарыда бірқатар елде вакцина салу басталып кеткенін айттық. Израиль әлемде алғаш болып бүкіл халықты екпемен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Жоспар бойынша, наурызға дейін тұрғындардың бәріне вакцина егіліп бітуі тиіс.
Үндістанда жаппай екпе егу науқаны басталды. Жергілікті билік қолданысқа екі препаратты енгізген. Бірі «Коваксин», екіншісі «Ковашилд» атты үнді препараттары. Жоспар бойынша наурыз айына қарай аймақта 12 мың вакциналау орталығы ашылады. Вакциналау шарасының бірінші кезеңіне 30 млн адам тартылады. Олардың арасында медицина қызметкерлері мен полиция өкілдері бар. Ауқымды шараның бірінші күні 300 мың адамға екпе егіледі.
Дегенмен вакцина мәселе­сінде кедергілер көп болып тұр. Соның бірі – екпені жеткізу. Мәселен, Еуропалық одақта вакцина тапшы. Pfizer компаниясы өздерінің өнімін уәде етілген кө­лемде жеткізе алған жоқ. Шве­ция, Дания, Финляндия, Литва, Лат­вия және Эстония тарапы бұл жағ­дайға наразылығын білдірді.
БҰҰ Бас хатшысы індеттен қаза тапқандардың саны 2 мил­лионнан асқаннан кейін мәлім­деме жасап, вируспен күресте, әсі­ре­се вакциналарды тарату мә­се­­лесінде ынтымақтасуға шақырды.
«Осы екі миллион адамның өмі­­рін еске ала отырып, әлем күш жұ­­­мыл­­дыруы керек», деген БҰҰ бас­­­­шы­­сы вакциналарға қатысты мә­­­се­­­лелерге алаңдаушылық біл­дір­ді. Гу­тер­риштің айтуынша, та­­­бы­сы жо­ғары мемлекеттер ва­к­­ци­­­на­­ларға тез қол жеткізсе, әлем­­­­дегі ең кедей елдерде жағдай қиын. Кей­бір мемлекеттер астыртын ке­лі­сім жасап, вакциналарды арты­­­ғы­мен сатып алуда.
«Вакцина өндірушілер жауап­­кер­шілікті сезініп, COVAX ме­ха­низмімен және бүкіл әлем­дегі елдермен бір­лесіп, вак­ци­на­ларды қажетті мөл­шер­де жет­кізіп, дұрыс тарату үшін жұмыс істеуі керек. Ел­дер артық вакцинаны бөлісуге міндеттеме алуы тиіс», деді БҰҰ Бас хатшысы.
Осылар орындалғаннан кейін ғана әлемдегі медицина қыз­­мет­керлерін тез арада вак­ци­нациялауға және денсау­­лық сақтау жүйелерін сақтап қалу­ға мүмкіндік туады. Антонио Гутер­риш халықтың вакцина­ларға қатысты теріс пікірін жою­дың маңызына да тоқталды. БҰҰ басшысы ғалымдар мен дәрігерлердің жұмысына кедергі келтірмей, керісінше, бәріміз үлес қосуымыз керек екенін еске салды.
«Бір-бірімізді қорғау үшін қарапайым және дәлелденген мәселелерді есте сақтайық. Маска тағу, физикалық қашықтықты сақтау және көпшіліктен аулақ болу. Әлеміміз бұл вирусты бір­лесіп әрекет еткенде ғана жеңе алады», деді А.Гутерриш.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Төтенше жағ­дайлар комитеті шекарадан өт­кенде коронавирус вакцинациясы туралы сертификатты талап ету міндетті емес екенін мәлімдеді. Себебі вакциналар бәріне бірдей қолжетімсіз.
egemen.kz
18 қаңтар 2021 ж. 254 0