Жат әдеттерден неге арылмаймыз?

Соңғы уақыттары инстаграм желісінде көп таралған бейнебаянмен барлығымыз таныс болармыз. Қысқаша түсіндіріп өтейін: анасының туған күні. Екі ұлдың бірі видеоға түсіріп тұрса, екіншісі мерекелік тортты қолына ұстап тұр. Әрине, балаларының өзіне деген құрметін көрген ананың қуанышында шек болмайды емес пе?! Бір ұлы анасына тілекші болып, шын көңілімен тілек білдіріп тұр. Бір сәтте әлгі баласы қолындағы тортты ана қолына табыстаудың орнына, бетіне жапсыра бермесі барма... Осылайша бұл кейіпкеріміз анасын құттықтадым деп мәз. Алайда, анасының қалай қабылдағанын беймәлім. Кейбіреулер достарына, туған-жақындарына да осы жаман әдетті үйретіп әлек. Түнгі сағат он екіні күтіп, торт бетіне түрлі сурет салатынымыз тағы бар. Сонымен қатар торт бетіндегі түрлі-түсті шырақты үрлеу салтымызда жоқ ғұрып. Халқымызда «отыңды өшірме» деген мағыналы сөз бар. Содан да болар, ата-әжелеріміз де отты үрлеп өшірме деп айтып отыратын. Бұл күні шырақ өшіру де дәстүрімізге теріс әдет болып табылады.
Иә, қазір ешкімге алақан жаймай-ақ, қалаған тағамымызға тапсырып беріп, алдырдып отырмыз. Той жасалып, көпке барымызды шашып та жүрміз. Заман ағымына қарай көпшілік дұрыс деп те қабылдар, әрине. Бірақ ысырапшылдыққа жол бермеуіміз керек. Қазіргі уақыттың өзінде қоғамымызда жағдайы төмен отбасылар да бар. Неге сол тортты ысырап етіп бетке жаққанша, тұрмысы төмен отбасыға апарып бермеске? Неге сол кісілерді кішкене болса басқаша қуантпасқа?! Міне, келешек ұрпаққа осындай жәйттің мағынасын түсіндіріп жат әдеттен арылтуға тәрбиелеуіміз қажет. Бір-бірімізге мейіріммен қарап, жанашыр болғанымыз жөн. Біздің болашағымыз – жас ұрпақ. Олар үлкендерден не көрсе, соны дұрыс деп қабылдап қалуы мүмкін. Сол себепті қазірден бастап жат әдеттен арылудың жолын қарастырғанымыз абзал.
Айсауле Нұрланова,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университетінің 4-курс студенті