Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өртенген үй оқиғасы: ауылдастары жаңа баспана алып берді

Өртенген үй оқиғасы: ауылдастары жаңа баспана алып берді

Қаңтардың соңы Бегімбетовтер отбасына ауыр қасірет әкелді. Қыс ортасында баспаналарының түгі қалмай өртеніп кетті. Кішкентай немере, бала-шағасымен қақаған қыста далада қалған жандардың басына түскен жағдай қалың халықты да алаңдатты. Жабырқағанға жанашыр болатын жомарт қазақ бұл қиындықты да Бегімбетовтермен бірге көтерді. Ауылдастары, ел-халық болып қолдан келген көмектерін аямады. Бір айға да жетпейтін уақытта қаражат жинап, олардың баспаналы болуына көмек көрсетті. Оқиғаның қалай болғаны жайлы Үсен Бегімбетов айтып берді. 

Отағасы Үсен бұл оқыс оқиға орын алған кезде Алматы қаласында болған. Естігенде төбесінен жай түскендей әсерде болғанын айтты. Бар қаражатын жиып, өз еңбегімен тұрғызға баспанасы отқа оранғанын есту кім- кімге де оңай тимесі белгілі. Бірақ Үсен Жүсіпұлы үшін бұл өте ауыр соққы еді.
– Мен Сексеуілге 2000 жылы Қарақалпақстаннан қоныс аударған болатынмын. Көшіп келген бетте ел қатарлы еңбек етіп, балаларымызды жеткізіп, осыдан жеті жылға жуық уақыт бұрын жаңа үйімізге кірген едік. Бұл сәт біз үшін ең бақытты кезең еді. Үйдің іргетасын үш жыл бұрын қалап алсақ та, әп-сәтте тұрғызып алуға шамамыз келмеді. Содан біртіндеп бітірдік. Өзімнің тұрақты жұмысым жоқ. Жұбайым Жұмагүл ғана кенттегі ауруханада шаруашылық қызметкері болып жұмыс жасайды. Не десек те, адал еңбегімізбен тірнектеп жиған қаражатқа үй салып, қоныс тойын тойладық. Бір парызымызды өтегендей болып, арқаны кеңге салып, ел қатарлы тұрмыс кешіп жатқанбыз, – деген Үсен Жүсіпұлы үй тұрғызудың оңай болмағанын айтып берді.
Осылайша жайдары тұрмыс кешіп жатқан отбасының басына сын сағаты түсті. Қыс ортасында баспаналары көз алдында отқа оранып кеткен. Қолдарына бір дүниесін іліп алып қала алмаған жандардың өзегін өкініш өртеді. Тіпті құжаттарын да алып үлгертпеген тілсіз жау әп-сәтте зәулім үйдің күл-паршасын шығарды.
– Оқиға газ баллоннан басталған. Баллонның басы ашық қалып, газ ауаға тараған. Сол сәтте ошаққа от жағылғанда, ауадағы газ лап беріп қас- қағымда бүкіл үйді алып кеткен. Мен өзім бұл сәтті көзбен көрген жоқпын. Жұбайым Жұмагүл тек немерелерім мен балаларды алып сыртқа шығып үлгергендіктерін айтты. Содан әргісі елге аян. Ең бастысы – адам аман. Соған да тәубе. Дүниенің орны толар, – деп өздерін жұбатты.
Иә, дүниенің орны толды. Оқиғаны естіген ауылдастары бей-жай қалмады. Оқиға орнынан табылды. Бірі киім, бірі тұрмысқа қажетті заттар, енді бірі төсек жабдығын әкелді. Тіпті кішкентай мектеп оқушыларының өзі көмек көрсетуге асықты. Кенттегі № 87 орта мектептің 9 "б" сынып оқушылары мешіт құрылысына береміз деп жинап жүрген ақшаларын осы жағдайды естігенде алғашқылардың бірі болып әкеліп берген. Бұлар туыстарының бос тұрған баспанасына орналасты. Иесіз қалған үйді ретке келтіруге де ауыл жастары қолғабыс көрсетті.
– Жағдайды естігенде біз бірден іске кірістік. Қалайда осы жандарға баспана алып беруіміз керек деген мақсатпен кент жастарының басын біріктіріп, қаражат жинауға кірістік. Жомарт халқымыз әп-сәтте-ақ үлкен қаржы жинап тастады. Осылайша жұмылып жұмыс жасағандығымыздың арқасында олардың қайта баспаналы болуына мүмкіндік бердік.Айта кету керек жастар белсенділік танытты. «Жас толқын» еріктілер тобының кенттегі төрағасы Берік Берімбаевтың үлесі көп, – деді облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Аяғанов.
Мұндай жағдайға тап болу оңай емес. Бұл оқыс оқиғаның салдарынан болғандықтан ешкім алдын болжап жатпайды. Ізгі іс жасау бір адамның қолына келе қоймас. Дегенмен кент тұрғындары ауызбіршілік танытып, ауылдастарын далада қалдырмады. Осылайша үзілген үміт пен сананы жеген күдікті ойлар сейілді. Қазір Үсен Бегімбетовтің жанұясы жаңа қонысқа жайғасты.
– "Көп түкірсе – көл" деген. Халқыма алғысым шексіз. Аз уақыттың ішінде қаражат жинап, бізге баспана алып берді. Құжаттарымызды қайта рәсімдеуімізге де қолдау көрсетті. Қиналғанда жанымыздан табылып, жылы сөздерімен демеу болды. Әсіресе осы істің басынан табылып, ұйымдастыра білген кент әкімі Сәкен Төрешов, облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Аяғанов, аудандық мәслихат депутаты Базарбай Төрахметов, аудандық мәслихат депутаты Махамбет Таукеев, еріктілер тобының төрағасы Бақтияр Ізбасаров, жастар бірлестігінің төрағасы Өркен Сансызбаевқа ерекше алғыс білдіргім келеді. Осы азаматтар барлық жұмысты үйлестіре білді, – деді Үсен Бегімбетов
Қиналғанға қолдау көрсету – жақсылыққа жаны құмар қазақтың қанына сіңген қасиет. Сексеуіл кентінің, тіпті кент қана емес, осы іске қолдау көрсетіп, қаражатын аударған халық жарады. Қиналған жандар қайта баспаналы болып, қалыпты тұрмысына оралды. Әсіресе жақсылық істің басынан табылған жандардың еңбегі көпке үлгі. Бүгін бұл отбасы жаңа қонысқа жайғасса, ол – ерікті ерлік жасаған сексеуілдіктердің еңбегі.

Назерке МАРАТҚЫЗЫ
21 ақпан 2021 ж. 349 0