Байқоңырға қаруланған адамдар кірмек болған

«Байқоңыр» кешеніндегі Ресей ІІМБ кезекшілік бөліміне «БайконурСвязьИнформ» МУК бейнебақылау бөлімінің технигінен хабарлама түсті. Мониторинг барысында Ақай ауылдық округі жағынан қару-жараққа ұқсас заты бар бір топ адам көрінген, – деді Sputnik Қазақстанға қауіпсіздік және режим басқармасынан. – Қалаға кірген адамдар жетінші шағын ауданына қарай бет алған, автокөлікке отырып, белгісіз бағытта кетіп қалған». Полиция жедел іздестіру шараларын бастады, автокөлік те, видеоға түсіп қалған үш азамат та табылды.
«Ұсталғандардан 4 патрон және тегіс ұңғылы шолақ мылтық тәркіленді. Сонымен қатар, автокөлік жанынан қосауыз шолақ мылтық, маркасы белгісіз травматикалық тапанша мен 5 оқ табылды», – деді басқармадан.
Қаруланған топтан тәркіленген оқ-дәрі атуға арналған.
Ресей ІІМБ анықтау бөлімі Ресей Қылмыстық кодексінің 222-бабында (Қаруды, оның негізгі бөліктері мен оқ-дәріні заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе өзімен бірге ұстау) көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады.
Бұл бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, деп мәлімдеді басқармадан.
Еске салсақ, Ресей Қазақстаннан Байқоңырды 2050 жылға дейін жалға алған.