Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Киік атқандар: Қызылордада көлігін тастап қашқан браконьердің бірі ұсталды

Киік атқандар: Қызылордада көлігін тастап қашқан браконьердің бірі ұсталды

Kyzylorda-news.kz. Қызылордада аударылып қалған көлігін тастап полицейлерден қашқан күдіктінің бірі ұсталды. Көліктен мүйізі кесілген 54 киік табылған болатын.
Естеріңізге сала кетелік, аталған оқиға 11 сәуірде болған еді. Сол күні Қызылорда қалалық полиция басқармасы Ақсай полиция бөлімінің кезекші бөліміне «Охотзоопром» ӨБРМ қазыналық кәсіпорнының инспекторынан хабар келіп түсті. Онда рейд барысында Досан ауылының тұсында екі автокөліктің қойылған блок бекетті айналып өткені жөнінде айтылған.
«Охотзоопром» қызметкерлерін байқаған жүргізушілер олардан қашып құтылуға әрекет еткен. Сол сәтте «Toyota Land Cruiser» маркалы көлік сол маңдағы каналға аударылып қалған. Ал күдіктілер екінші көлікпен қашып үлгереді.
Оқиға орнына Қызылорда қалалық Полиция басқармасына қарасты Ақсай полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы барды. Автокөлікті тексеру барысында мүйізі кесілген 54 киік пен 224 дана киіктің мүйізі, 1 ұңғылы МР-155 маркалы аңшы мылтығы, патрондар, пышақ және дүрбі табылды. Көп ұзамай полиция қызметкерлері күдіктілердің бірін ұстады.
«Ол уақытша ұстау абақтысына қамалды. Күдікті 34 жастағы жұмыссыз облыс орталығының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалы жүргізілуде. Осы қылмысқа қатысы бар күдіктілер іздестірілуде», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
16 сәуір 2020 ж. 812 0