Дерт дендемесін десек...
Коронавирус дертінің әлемді жайлағанына да жыл толыпты. Десе де бұл дертті әлі күнге дейін ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Әр кезеңде өршіп, қайта бәсеңдеп отыратын вирусты ауыздықтайтын емі нақты табылмаса да, оған қарсы вакцинаны ерікті түрде салдырып жатқандар бар. Бұл – адамзат баласына келген алапаттың бір түрі. Осы уақытқа дейін елді құтқару жолында медицина саласы мамандары мен еріктілер, құқық қорғау органдары, кәсіпкерлер халыққа көмек қолын созды. Әсіресе дерттің елімізді түгел шарпып кетпеуі үшін жан аямай еңбек еткен дәрігерлер қауымының ерлік істері айқындала түсті. Елімізде дер кезінде енгізілген сақтық шараларының арқасында біз бұл ауру көрсеткішін бәсеңдете алдық. Жасыратыны жоқ, бұл экономикалық дамуымызға да теріс ықпал етті. Қатаңдатылған тәртіпті сақтай отырып, қалыпты өмір салтына көштік. Десе де бұған немқұрайлылық танытып, жеке бастың талаптарын сақтаудан бас тартқанымыз да жасырын емес.
Саулық сақтықтан басталады. Біз – тәуелсіздікті отызыншы жылына қадам басқан, өркенін кеңге жайып келе жатқан жас мемлекетпіз. Осыған дейін халық басынан талай зобалаң жылдарды өткерді. Сонда да ұлтымыз жойылмай, бабалар аңсаған күнге қол жеткіздік. Бұл – біздің басты құндылығымыз. Қазір біз үшін тағы бір ауыр сындарлы уақыт тұспа-тұс келіп тұр. Ұрпақ сабақтастығын жалғастыру, елдің тұтастығын сақтау бізге жүктелді. Бұл үшін өзіңіз бен жақындарыңызға жеке бастың қауіпсіздігін сақтап, қарапайым ережелерді ұстануға насихаттап, ауруға немқұрайлы қарамауға шақыруымыз керек.
Болашақтың қалай болатыны бүгінгі күнге байланысты. Сондықтан сақтық шараларын ұстанайық.
Д. Досжанова
қала тұрғыны