Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дертпен бірге күресейік

Дертпен бірге күресейік

Соңғы күндері еліміз бойынша COVID-19-ға шалдыққандар саны артып отыр. Ақпарат көздерінде көрсетіштер күн сайын көтеріліп барады. Бірқатар өңірлер аурудың өршу деңгейіне қарай «қызыл», «сары» аймаққа енді. Облыста да күн сайын ауру жұқтырған науқастар тіркеліп жатыр. Мұның бәрі бізге аса сақ болу керектігін ескертіп тұрғандай.
Әлемді алаңдатқан дерттің емі әлі табылған жоқ. Қазір жылға жуық уақыт өтсе де, аталған дерттен түбегейлі арылған мемлекет жоқ. Бұл – адамзат баласына келген кеселдің түрі. Осы уақытқа дейін елді құтқару жолында медицина саласы мамандары мен еріктілер, құқық қорғау органдары, кәсіпкерлер халыққа көмек қолын созды. Әсіресе дерттің Қазақстанды түгел шарпып кетпеуі үшін жан аямай еңбек еткен дәрігерлер қауымының ерлік істері айқындала түсті. Елімізде дер кезінде енгізілген сақтық шараларының арқасында бұл ауру көрсеткішін бәсеңдете алдық. Дегенмен халыққа мұндай жағдайда өмір сүру оңай болмады. Жасыратыны жоқ, бұл экономикалық дамуымызға да теріс ықпал етті. Қатаңдатылған тәртіпті сақтай отырып қалыпты өмір салтына көштік. Алайда бұған немқұрайлық танытып, жеке бастың талаптарын сақтаудан бас тартқандар да кездесіп жатты. Бүгінгі көрсеткіштің күрт өсуі – соның дәлелі.
Саулық сақтықтан басталады. Біз – тәуелсіздіктің отызыншы жылына қадам басқан, өркенін кеңге жайып келе жатқан жас мемлекетпіз. Осыған дейін халық басынан талай зобалаң жылдарды өткерді. Сонда да ұлтымыз жойылмай, бабалар аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл – басты құндылығымыз. Қазір біз үшін тағы бір ауыр сындарлы уақыт. Ұрпақ сабақтастығын жалғастыру, елдің тұтастығын сақтау бізге жүктелді. Бұл үшін найза ұстап жауға шауып немесе басқадай ерлік іске барудың қажеті жоқ. Тек өзіңізбен жақындарыңызға жеке бастың қауіпсіздігі үшін сақталу тиіс қарапайым ережелерді ұстануға насихаттап, немқұрайлы қарамауға шақыру ғана.
Кешегі күн – тарих. Бүгінгі күн – қымбат, келер күн – жұмбақ. Болашақтың қалай болары бүгінгі күнге байланысты. Сондықтан сақтық шараларын ұстанайық.
Г.Анапияева,
ардагер ұстаз
Арал қаласы 
23 қаңтар 2021 ж. 392 0