Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еріктілер елмен бірге

Еріктілер елмен бірге

Өткен жыл елімізде айтулы жыл болды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Осыған орай, ауданда еріктілер өткен жылы ауқымды жұмыстар жүзеге асырды. Әсіресе аудан еріктілері мұқтаж жандарға қаржылай, дәрі-дәрмек, медициналық заттар мен бетперделермен көмектесіп, өз белсенділіктерін көрсетті.
Волонтерлер жылы аяқталғанымен, аудан еріктілері өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Атап айтар болсақ, аудан еріктілері қаладағы тыл ардагерлерінің үйіне барып, жағдайларын біліп, оларға айрықша құрмет көрсетіп жүргенін айрықша атап өтуге болады. Өз кезегінде ардагерлер де ерікті жастарға ақ баталарын беруде. Ерікті жастар таяуда қаладағы тыл ардагері А.Еңсепова әжейдің отбасында болды.
Кездесу барысында ардагер әже жастарға сұрапыл соғыс кезіндегі қиыншылықтарды айтып, еліміз үшін бүгінгі бейбітшіліктің құндылығы бәрінен биік екенін ерекше айтты. Әжеміз соғыс жылдарында газет таратып, құжаттар рәсімдеу жұмысымен айналысқан.
– Жасөспірім қыз едік, әкем соғысқа аттанды, мен анамның қасында қалдым. Соғыстағы азаматтарға барымызды жібердік, сол қиын-қыстау сәт енді қайтып келмесін. Қазіргі заманда еліміздің тыныштығына шүкір етем, өскелең ұрпақтың өсіп келе жатқанын көріп, қуанышты көңіл күйдемін. Сондай-ақ әрбіріміз елдің егемендігі мен бірлігінің маңыздылығын терең ұғынуымыз керек, – деп сөзін аяқтады.
Осылайша Б.Момышұлы атамыздың «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген сөзін негізге алып, жастарға тылдағы тынымсыз еңбек жайын сөз етті. Елінің ертеңі үшін аянбаған ата-бабалардың ерен ерлігі қай кезде де ұрпақ санасында болу керектігін де жеткізді.
Кездесу соңында еріктілер әжеміздің үй шаруасына қолғабыс жасады. Ардагер әжей «Жарқын еліміздің, жарқын азаматтары болыңдар!» деп батасын берді.

"Толқын" ақпарат 

16 наурыз 2021 ж. 419 0