Жарнама жайы: тіл тазалығы көңіл көншіте ме?
Тәуелсіздіктің рухын асқақтатқан тіл мәртебесін көтерудегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтар өкілдерінің ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыруымыз қажет» деп атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар Елбасының «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінде қолданылуы үшін бәрін істеу қажет» дегеніне де талай мәрте куә болғанбыз.
Расында, әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы – ана тілі. Қазақстан Республикасының негізгі тілі – мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу – әрқайсымыздың асыл парызымыз. Ана тіліне салғырт қарау – өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз. Біз қандай жағдайда да, қай кезде де өзге тілдердің дамуына еш нұқсан келтірмей, оларға деген мемлекеттік қолдау – қамқорлық аясын тіпті де тарылтпай отырып, қалай дегенде де Қазақстан Республикасы мемлекетінің негізін құраушы, ел-жер иесі қазақ халқының ұлттық тілі – қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің мүддесін мейлінше кең көздеуге маңыз береріміз белгілі. Бұл – әр қазақстандықтың қастерлі парызы.
Ал қазақ тілінің мәртебесін көтеру қай салада болса да бақылауда болуы керек. Тілді құрметтеу әр шаңырақтың табалдырығынан басталатынын да бір сәт естен шығармаған абзал. Осы ретте күнделікті көзіміз көріп жүрген жарнамалардың жайын да ескерген жөн сияқты.
Мәселен, ҚР "Тіл туралы" Заңының 21-бабында «Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi» деп көрсетілген.
Бірақ республика көлемінде «осы заңның толық орындалуы қаншалықты деңгейде?» деген сауалға екіұшты пікір, екіжақты ой туындап, қоғамда талас туып келе жатқаны жасырын емес. Осыған орай, ҚР Парламенті Мәжілісінде жарнаманы қатесіз жазуға міндеттейтін жаңа заң жобасы мақұлданды.
Қате жарнамалар жайлы өз пікірінде тіл жанашыры, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин:
– Мемлекеттік тіл – ол әр халықтың ең үлкен құндылығы. Оны бұзуға, мазақ етуге ешқашан жол бермеу керек. Сондықтан жарнаманы қатесіз жазуға міндеттейтін жаңа заң жобасының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде мақұлданғанын қолдаймын. Осы негізде қателік жібергендерге шара көрілу керек. Қазақ тілін – мемлекеттік рәміздердің бірі ретінде қарау керек. Оның табанасты болғаны дұрыс емес, – деген болатын.
Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» бірлестігі Арал аудандық филиалының төрағасы, тіл жанашыры Жұмабай Жақыптың да пікірі осыған саяды. тіл мәртебе елдің, ұлттың мәртебесі.
Ал осы мәселеге бақылау жасау ауданымызда қай деңгейде жүргізіліп жатыр? Ол жайлы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекбол Мәмбетовтен сұраған болатынбыз.
– Ауданда осы бағытта тіркеліп, арнайы жұмыс жасап келе жатқан екі жарнама агенттігі бар. Оларға тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Барынша заңда көрсетілген тәртіпті сақтау үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы айта кетер болсақ, биыл жыл басынан бері Арал қаласы бойынша 50 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне зерделеу жұмыстары жүргізілген еді. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 22 нысаннан кемшілік табылды. Олардың барлығын тізіп айту маңызды емес шығар. Бірақ көпшілігін жарнама қазақ тілінде емес, тек орыс немесе шет тілдерінде жазылып, орналастырылған. Реттілігі сақталмағандары да бар. Заңдылығында қазақ тіліндегі жарнама сол жақта жазылып, содан соң орыс (қажет болған жағдайда басқа да) тілде жазылуы қажет. Осыған орай бірқатар тапсырмалар берілді, – дейді. Енді нәтижесін күтеміз. Бақылау бар жерде қорытынды шығатыны анық.
Бірақ барлық міндетті атқарушы орынға жүктеп, өзімізді ақтап алуға да болмайтыны естен шығармаған абзал. Мәселен, әлеуметтік желі арқылы жарнамалау жұмыстары қазіргі қоғамда белең алған. Қарапайым халық күнделікті қажеттісін сол жерден іздеп, тапсырыс та бере алады. Бірақ бұл тұста атқарушы билік тарапынан айтарлықтай ықпал етуге мүмкіндік жоқ. Әлеуметтік желі тұтынушының жеке парақшасына қол сұға алмайтынымыз анық. Сондықтан болар, кемшілік пен қатеден көз сүрінеді. Парақшаға тіркеле қалсаңыз, «Сәлеметсіз бе! Біздің топқа қош келдіңіз. Админге хат жазу үшін сілтемеге өтіңіз?!» деп қатеге толы хат келетін парақшаның іші тіпті сорақы. Не оқып, не түсінерімізді білмей дал боламыз. Ал осы жерде жауапты кім? Әрине әлгінде ғана бізге хат жолдаған «админдер» екені анық. Бірақ олардың қазақ тіліндегі сауаты қай деңгейде екені де белгісіз. Жаға ұстатар қателерді жарқыратып отырған 18 мыңнан аса жазылушысы бар парақшаның админінен бірнеше сұраққа жауап алмақ ниетте жекесіне хат жолдадық. Бірақ жауап беруден бас тартты. «Жеке парақшадағы мәліметтер, ақпараттар берілмейді» деген жауап алдық.
Түйін:
Жастарымыз қателерден көз ашпайтын жарнамаға алданар болса, тіл тазалығының деңгейін көтерер күн алыстай түспесініне кім кепіл?! Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» деген екен. Олай болса өз айнамызға өзіміз тас атпаудың жайын ойлайық.
Оңталап ЖОЛДАСОВ