Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Интернет алаяқтарынан сақтанайық

Интернет алаяқтарынан сақтанайық

Қазіргі күні алаяқтық қылмыстардың көбі интернет арқылы жасалуда. Ағымдағы жылдың өткен мерзімінде 8 алаяқтық қылмысы тіркелген, оның 6-ы интернет алаяқты.
Интернет алаятықтың 2-і «WhatsApp» және ««Instagram»» ақпараттық жүйелерін пайдаланумен орын алса, 4-і жалған интернет несиелер алу арқылы жасалған.
Ғылыми тілде мұны «Ақпараттық жүйені пайдаланып жасалатын алаяқтық» деп атайды. Бүгінде халықтың көбі, әсіресе оң-солын танып үлгермеген жастар интернетке жіпсіз байланғанын ескерсек, алаяқтардың да сол ауылды торуылдайтыны түсінікті жағдай.
Алаяқтық дегеніміз – бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады. Соған орай, алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді.
Интернет-алаяқтық деп – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді әрекеттерге барады.
Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, олардың ерекше сипаттары да бар. Мәселен, олар интернетті пайдаланатындықтан, халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды алдап-арбай беретін шекара талғамау сипаты бар. Екіншіден, интернет-алаяқтар жасырын болып келеді. Яғни, олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді.
Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар.
Қазіргі таңда адамдардың көпшілігі кез келген затты сату немесе алу үшін арнайы сайттарды пайдаланады.
өткен жылдың қараша айынан бастап Халық банкінің банкоматтарында «Қолма-қол ақшаны картасыз алу» жаңа қызметі қолжетімді болды. Енді төлем картасынан қолма-қол ақшаны алу үшін мобильді телефонның болғаны жеткілікті, мұнда да оған банкоматтан ақша алу үшін банктен код жіберіледі. Бұл қызмет түрі дұрыс қолданған тұтынушылар үшін өте тиімді. Алайда, осы қызмет түрі бойынша да екі-үш айдың ішінде қаншама адамдар алаяқтарға алданды.
Инетнет алаяқтықтың тағы бір түрі Фишинг алаяқтық бұл – интернет пайдаланушының жеке мәліметтерін (логин мен пароль) жасырын алу болып табылады. Қаскүнемдер алдымен танымал брендтердің немесе банктердің атынан жаппай электронды хаттар таратады. Негізі, айта кететін нәрсе, электрондық адресіңізге өзіңізге қатысты емес, сіз білмейтін мекенжайлардан келген хаттарды ашпаған жөн, ашқан күннің өзінде ол жерде көрсетілген сілтемелерге кірудің қажеті жоқ. Ондайларды мүмкіндігінше сол келген бойында жойып отыру керек.
SMS алаяқтық дегеніміз- бұл да соңғы уақытта көп болып жүрген алаяқтық қылмысқа жатады. Мәселен, сізге телефон немесе теледидар секілді бағалы заттар сататын белгілі компаниялардың немесе туристік фирмалардың атынан хабарлама келеді не телефон шалады да: «Сіз бағалы сыйлық ұттыңыз», «Шетелге жолдамаға ілігейін деп тұрсыз» деп қызықтырады.
Сондықтан, әлеуметтік желілерде таныс емес адамдармен араласуда аса сақ болған жөн. Қазір фэйктік парақшалар өте көп. Ол жерде алаяқтықтардың да сан түрі пайда болуда.
Ақпараттық жүйелерді пайдаланып алаяқтық жасайтындарға алданып қалмау үшін біріншіден, сол тауар алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысуымыз керек. Оның мекенжайы, телефондары бар ма, соған қараймыз. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлесуіміз қажет. Осы сайтта бұл тауарды бұрын алған адамдардың пікірлері бар ма, олар не дейді, осыған да назар аударған артық болмайды. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуімізге болады. Ал, жалған интернет-дүкендерге алданып қалып жатқандардың көбі «дүкеннің» егжей-тегжейін қарап тексеріп жатпай-ақ, сайтта көрсетілген шотқа ақшаны жібере салады.
Әрбір интернетке қосылған компьютерде, планшетте вирусқа қарсы бағдарламалар міндетті түрде болғаны дұрыс. Өйткені, ол сізге қажетсіз, күмәнді, сіздің бағдарламаларыңызға тікелей зиян келтіретін бөтен файлдарды тез анықтап, бәрін өзі-ақ жойып отырады немесе сізден сұрап отырады.
Одан кейін банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Өйткені, телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді. Осыны ұмытпаған жөн.

Арал аудандық прокуратурасы
20 наурыз 2021 ж. 1 391 0