Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалы ауданында эпидемиологиялық ахуал күрделеніп барады

Қазалы ауданында эпидемиологиялық ахуал күрделеніп барады

Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында айтылды.
Аудан басшысы күні кеше Қазалы қаласындағы «Өрімтал» балабақшасынан 9 бірдей науқас шықққанын, сондықтан қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін атап өтті.

Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлсім Имандосова, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Еркебұлан Жүрсінбаев аудандағы эпидемиологиялық ахуал және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақытгүл Әлішева 3 науқастың жағдайы ауыр екендігін, осыған орай ауруханада инфекциялық постқа қосымша 2 реанимациялық пост ашылғанын жеткізді.

Басқосуда аудан әкімі тез арада Қазалы қаласындағы ауру анықталған ошақтар мен 2 балабақша, 3 мектеп, 1 колледж және қала әкімі аппаратының ғимаратына дезинфекция жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, жалпы аудандағы білім беру ұйымдарын, оның ішінде қаладағы мектептерді бірінші кезекте онлайн оқуға көшіріп, балабақшаларды жағдай тұрақталғанша уақытша жабуды тапсырды.

– Жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында базарлар мен дүкендерде, қоғамдық тамақтану және мейрамханаларда сақтық шараларының қатаң сақталуын қадағалауымыз қажет. Ол үшін мониторингтік топтар белсенді жұмыс істеуі тиіс. Қазіргі таңда қоғамдық көлік жүргізушілерінің көбісі маска тақпайды. Олай болмайды. Себебі облыс бойынша біздің ауданда тіркелген науқастар саны көп болып тұр. Осыны халыққа түсіндіруіміз қажет, – деп аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жедел штаб отырысын қорытындылады.

egemen.kz
06 сәуір 2021 ж. 334 0