Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпе салу мен ПТР-тест оразаны бұза ма?

Екпе салу мен ПТР-тест оразаны бұза ма?

Оразаны ауыз бен мұрыннан енген тағам мен су бұзады. Ал вакцина теріге салынатындықтан одан ораза бұзылмайды. Журналистермен бірге өткен баспасөз конференциясында Алматы қаласының имамы, Мұсылмандар Діни басқармасының ғалымдар кеңесінің мүшесі Бауыржан Әлиұлы осылай деді.
Имамның айтуынша, ораза бұзылуына қатысты арнайы шарттары бар. Ол – ішіп-жеу, дәрі ішу. Ауыз бен мұрыннан, тік ішектен кірген сұйықтық та ораза бұзады.

Вакцина теріге салынады әрі оның адамға "система салдырған" сияқты денеге күш-қуат беретін қасиеті жоқ. Сондықтан вакцина салдырудан ораза бұзылмайды. Рамазан айының бітуін күтпей-ақ екпе салдыруға болады, - деп түсіндірді Бауыржан Әлиұлы.
Имамның айтуынша, ПТР-тест те оразаны бұзбайды.

Шариғат бойынша, асқазанға тікелей түскен зат қана оразаны бұзады. Ал оған ПТР-дың еш зияны жоқ. Сондықтан Рамазан кезінде ПТР-тест тапсыруға болады, - дейді Бауыржан имам.
Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай да айтқандай, исламның вакцинаға қарсылығы жоқ. Шариғатта да қарсы келерлік, уәж айтарлық ештеңе жоқ.

Коронавирус біздің елге ғана емес, бүкіл әлемге қауіпті. Ғалымдар мен дәрігерлер бұл вирустан құтылудың бір-ақ жолы бар деп отыр: ол – вакцинация. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру аурудан құтылудың қазіргі жалғыз жолы. Біз де дәрігерлердің айтқанына қосыламыз әрі шариғаттың вакцинаға қарсы емесін айтқымыз келеді. Президентіміз де вакцина салдырды. Дәрігерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің барлығы екпе салдырып жатыр, - дейді Шоқай.

massaget.kz
14 сәуір 2021 ж. 338 0