Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Вакцина салдырған соң бетпердесіз жүруге бола ма – сарапшы пікірі

Вакцина салдырған соң бетпердесіз жүруге бола ма – сарапшы пікірі

Ақпарат министрі Аида Балаева денсаулық сақтау министрлігінің сарапшысынан вакциналаудан кейін қандай сақтық шараларын сақтау керектігі туралы сұрады
Коронавирусқа қарсы екпе салдырған азаматтар адамдар көп шоғырланатын орындарға бармағаны абзал, деп мәлімдеді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева.
Оның айтуынша, екпе салдырғаннан кейін азамат өзін жақсы сезініп тұрса, дене қызуы көтерілмесе және басқа да ауру белгілері болмаса, онда ол таза ауада серуендей алады.
"Мұның еш қаупі жоқ. Алайда адамдар көп шоғырланатын жерге бармағаны абзал. Бетперде тағуды да ұмытпаған жөн. Себебі, антиденелердің түзілуі вакциналаудан соң тек 12-14 күн өткеннен кейін басталады", – деді "Балаевадан үш сауал" бағдарламасының қонағы болған Әзімбаева.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өзі екпе салдырғанын мәлімдеп, енді вакциналаудан кейін қандай сақтық шараларын сақтау керектігі туралы сұрады.
"Екпе салдырғаннан кейін көп адамның ыстығы көтеріледі. Сондықтан дене қызуын басатын дәрі ішуге болады. Алайда бұл күй екі күннен ұзаққа созылмайды. 2-3 күн монша мен саунаға бармай, жалпы шомылудан аулақ болу керек. Себебі артериалды қысым көтерілу қаупі бар. Ал бұл ағзаның жалпы жағдайына әсер етеді", – деді денсаулық сақтау министрлігінің сарапшысы.
Әзімбаева буын мен бұлшық еттегі қатты ауырсыну жағдайында дәрігерге қаралу керек екенін айтты.
"Егер шыдауға болатындай ауырсыну болса, онда арнайы ем қабылдамауға болады. Екі-үш күн өткен соң бұл симптомдар кетеді", – деді ол.

sputnik.kz

19 сәуір 2021 ж. 390 0