Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Министр кімдердің жалақысы 561 мың теңгеге жететінін айтты

Министр кімдердің жалақысы 561 мың теңгеге жететінін айтты

2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысы жарты миллион теңгеден асады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол биыл 1 қаңтардан бастап 247 мың медицина қызметкерінің айлығы өскенін атап өтті. Дәрігерлердікі 30%-ке, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20%-ке артқан.

«2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңмен өсіп, экономикадағы орташа айлықтан екі жарым есе жоғары болады. Осылайша, 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 561 мың теңгені, ал орта медицина қызметкерлерінікі 210 мың теңгені құрайды», – деді Цой халыққа есеп беру кездесуінде.

Айтуынша, қазіргі таңда елде 76 мың дәрігер жұмыс істейді, оның ішінде 32 мыңы – бейінді мамандар.

Министр ауылға жұмысқа барған жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетілетінін айтты. Мәселен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 836 маманға көтермеақы төленсе, 235 қызметкер баспанамен қамтылған, тағы 73 дәрігерге басқа да әлеуметтік көмек көрсетілді.

Ведомство ауруханаларды білікті кадрлармен қамту үшін медицина қызметкерлерін даярлауға бөлінетін гранттар санын ұлғайтуды, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
30 сәуір 2021 ж. 237 0