Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпенің ем болатынына көзім жетті

Екпенің ем болатынына көзім жетті

Жаһанды дүрліктірген пандемияның салдары басылмады. Сырқат жұқтырғандардың саны артуына байланысты карантин талаптары әлі де сақталып келеді. Аурудың таралуын болдырмау үшін жасалған шаралар қай кезде де орындалуымен құнды. Талаптан тартынсақ, мамыражай өмірге қайта оралатын күн жақындай қоймасы анық. Сондықтан әркім өз денсаулығын, қауіпсіздігін алғашқы қатарға қоя білуі қажет.

Дегенмен пандемиядан сақтанудың ең тиімді жолы коронавирусқа қарсы вакцина алу десе болады. Былтыр жаз мезгіліндегі өкінішке толы күндер ұмытыла қоймағаны анық. Біріміз жақынымыздан, біріміз танысымыздан көз жазып, пандемияның, пневмонияның әбігеріне түскендер қаншама. Міне, дәл сол уақытта осы аурудың емі табылса, күшін қайтаратын арнайы коронавирусқа қарсы дәрі бар болса, соны алар едім дегендер арамызда көп болды. Себебі сол кездегі ахуал өте күрделі еді.
Бірақ дәрігерлердің табандылығы мен жауапкершілігінің нәтижесінде ол күндерді де артта қалдырдық. Эпидахуал түзеліп, карантин талаптары да біршама жеңілдеді. Есесіне біздің, тұрғындардың жауапкершілікті сезінуі де төмендеп кеткені жасырын емес. Ауданда провизорлық стоционардың жабылғанын сүйіншілеп газетімізге жазған кезбен салыстырғанда, бүгінгі таңдағы күрделі жағдай да сол жауапкершіліктің жоқтығынан деп анық айта аламын.
Есесіне бүгінгі таңда коронавирусқа қарсы екпе бар. Бұл – елдегі жағдайды жеңілдетуге барынша мүмкіндік тудыратын жолдың бірі. Ол әлем елдерінде дәлелденген. Жаһан жұртшылығы жабыла алуға ұмтылып жатқан егу шарасына қазақстандықтар да өз деңгейінде атсалысып жатқандығы мәлім. Дегенмен әлі де болса алып-қашпа әңгімелердің алдауына еріп, екпе салдырудан бас тартып жатқандардың да қатары аз емес.
Себеп – жалған ақпараттың көптігі. Бірақ "қорқыныш берсең де, үрейден сақта" деген қазақтың тәмсілі осы тұсқа тура келетіндей көрінеді. Көңілді билеген үрейді жеңсек, өзіміздің, жақындарымыздың денсаулығына да қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынымызды аңғарта аламыз.
Барлығын өзімізден бастаған абзал. Бүгінгі таңда ауданның айнасына айналған басылымда журналистік қызмет етіп келемін. Бұл маған қызметтік міндеттен бөлек те жауапкершілік жүктеп отыр. Күнделікті елмен етене еңбек етіп жүргендіктен, екпе егуден бас тарту орынсыз деп ойладым. Отбасым мен өзімнің ғана емес, өзге де жандардың қауіпсіздігін ойлауым қажет болды. Сондықтан ерікті түрді вакцина қабылдадым. Екпе алуға барған бойда дәрігерлердің әрбір вакцина қабылдаушының денсаулығын барынша бақылайтындығын аңғардым. Тек менен емес, менен бөлек бірнеше адам болды. Екпеге дейін бақылаудан өткізетін дәрігерлердің бөлмесінде алдын ала тексеру жұмыстары жүргізілді. Жүрек соғысы мен қан қысымын өлшеп, екпе алушымен әңгімелесу барысында басқа да созылмалы індетпен ауырмайтындығы, тіркеуде жоқтығы сұралды. Барлығы қалыпты болғандықтан екпе бөлмесіне жіберді. Мұнда да медбикелер екпе салғаннан соң өз бақылауында ұстады. Вакцинаның әсері байқалған жағдайда өздері тарапынан және үй жағдайында есте сақтауға міндетті талаптарды айтып, түсіндірді. Бірақ ешқандай әсер бермеді. Менен бөлек екпе алдырғандар да емханадағы ақ халаттыларға алғыстан басқа айтары жоқ екенін жасырмады.
Міне, қашаннан адам денсаулығының арашашысы саналатын медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі нәтижесінде мен де өз жақындарыма қауіп төндірмейтіндер қатарында болғаныма қуанамын. Сондықтан бұл сенімді қадамға әрқайсысымыз баруымыз керек.

Оңталап ЖОЛДАСОВ

30 сәуір 2021 ж. 350 0