Өмірдің бұрынғы ырғағына оралуды ойласақ…

Дәрігерлер қауіпті дерттің алғашқы белгілері, себеп-салдары туралы айтып, халыққа ұғындырды. Емдеу жолын да айқындады. Covid-19 инфекциясының пандемиялық таралуын тоқтатудың ең тиімді тәсілі – жаппай вакцина салу арқылы халықтың жасанды иммунитетін қалыптастыру екенін айтты. Адамзат тарихында мұндай тәжірибе көптеген қатерлі ауру кезінде қолданылған. Мәселен, шешек инфекциясы тарағанда әлем халқының 98,5 проценті оған қарсы екпе салдырған. Соның арқасында инфекцияны толық жойып, қоздырғышты ауыздықтауға мүмкіндік туды.
Қазақстандықтарға қолданыла бастаған ресейлік «Спутник V» препараты сынақтың үшінші кезеңінен кейін 92 процент тиімділігін көрсеткен. Ғалымдар оның қауіпсіз екенін, өлім мен ауыр дерттен сақтайтынын алға тартып отыр. Коронавирусқа қарсы тұрудың сенімді жалғыз әдісі де осы – вакцинация. Екпе салдыру – ерікті шара. Десе де, өмірдің бұрынғы ырғағына оралуды, өзіміз бен жақындарымыздың денсаулығын ойласақ вируспен күресудің тиімді кезеңінен өту керек.
Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,
облыстық мәслихат депутаты
syrboyi.kz