Жетім балаларды өзіміз асырайық
Күні өткен кеңес заманындағы коммунистік идеологияның салдарынан жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ата дәстүрімізден айырылып, осы ұлттық құндылығымызды тәуелсіздік жылдарында да толық түгендей алмағанымыз анық. Соның салдарынан бесіктен белі шықпай жатып, «тастанды» атанған талай бейкүнә сәби заңды-заңсыз саудаға салынып, ұлтымызға ұят келтіріп тұрғандығы белгілі. Осы жөнінде «Egemen Qazaqstan» газетінде «Сәби саудасы қашан тоқтайды?» (2021 жылғы 23 сәуір) деген тақырыппен жарияланған сыни мақала оқырман қауымды бейжай қалдырмаған сияқты.
Қазақстандағы үлкен проблема бейкүнә жас қазақ балаларын шетелдерге – Америкаға, Еуропаға, Израильге беріп жатқанымыз. Шын мәнінде, бай америкалықтар біздің балаларымызды тірі ойыншық ретінде алуда. Өздері туып, қиналмай, нәрестені бағып-күтпей, даяр балаларды бізден сатып алады. Өйткені шетелде балаларға беретін жәрдемақы өте жоғары, сондықтан 2-3 бала асырап алса, соның ақшасына тәтті өмір сүруге болады. Америкалықтар Қазақстаннан алған балалардың қаншасын көшеге тастап кетті және өлтірді?
Біз бай елміз деп мақтанамыз, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстанға көмек береміз. Жақсы. Ал өз жетім балаларымызды асырай алмаймыз, қаржы жоқ деп шетелге мыңдап жіберіп жатырмыз. Бұған қоса республикада халық аз дейміз де, шетелде жүрген қазақтарға азаматтық бермейміз. Жұмыс қолы керек деп, сырттан жат мигранттарды шақырамыз. Бұл – үлкен қателік.
Қазіргі талқыланып жатқан заң жобасының орнына, шетелге қазақ балаларын жібермеу туралы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдер секілді заң қабылдау керек. Парламент депутаттары, патриот екендеріңізді көрсетіңіздер. Керек болса, бәріміз бір-бір баладан асырап алайық.
Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ,
дипломат, профессор
egemen.kz