Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 30 жылдыққа – 30 шақырым

30 жылдыққа – 30 шақырым

Биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығы ел көлемінде аталып өтілуде. Осыған орай Арал қаласындағы №10216 Ж әскери бөлімшесінің қызметкерлері 30 жылдыққа 30 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Негізінен бұл эстафетаны Шымкент қаласындағы 10216 әскери бөлімшесінің командирі, полковник Орынбасар Жұбановтың бастамасымен әскери қызметкерлер арасында жалғасын тапқан болатын.

2019 жылы Арал қаласының іргесінен құрылған әскери бөлімшеде қазіргі күні алпыстан астам адам қызмет атқарады. Олар ел тыныштығын күзетумен қатар, мемлекеттік маңызды шараларға да үлес қосуда. Тәуесіздіктің 30 жылдығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған эстафетаны жалғастыруға шыққан бес қызметкер әскери бөлімшеден бастап қала ішін айналып өтіп, Сапақ елді мекеніне дейін 30 шақырымдық жолды жүгіріп өтті. Бір қызығы, жүгіруге қатысқан жігіттер де 30 жаста.
– Біз үшін дене шынықтырумен айналысу күнделікті өмір салтымызға енген. Сондықтан жүгіру аса ауырлық туғызды деп айта алмаймын. Аталған қашықтықты әп-сәтте еңсеріп тастадық. Әсіресе қатардағы жауынгерлер Нұрымбетов Ерболат, Қарабеков Ерболат, Қайруллаев Арман мен ефрейтор Жұмағұлов Нұржан өздерін нағыз әскери адам тұрғысынан көрсете білді, – дейді №10216 Ж әскери бөлімшесінің капитаны Н.Жамангарин.
Спорт адамды шыңдайды. Әсіресе жүгіру барлық жағынан пайдалы спорт түрі. Үш жарым сағатта 30 километрді бағындырған жігіттердің арасында әскери бөлімшенің қызметкері Ерболат та бар.
– Біз – әскери адамбыз. Сондықтан спорттың қай түрінен де шет емеспіз. Оның үстіне ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғандықтан, тәуелсіздіктің құрдасы ретінде қатысуды жөн санадым. Бізге аса ауырлық туғызған жоқ. Тіпті мұны әдетке айналдырсақ деген ой туды, – дейді қатардағы жауынгер Е.Нұрымбетов.
Елдың тыныштығын ойлайтын әскери қызметкерлердың қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары. Сын сағатта алдыңғы шептен де табылатын осы жандар. Сондықтан да олар тәуелсіздік ұғымын ерекше қадір тұтады. Әскери бөлімше қызметкерлері түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырып, елдікті насихаттауда. Әскери бөлімшеде келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген Ержан Сисенов турникке 30 рет тартылған. Осылайша ол өзінің осы белесін тәуелсіздік мерейтойына арнады.
– Өзім де 30 жастамын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен үшін орны ерекше мереке. Сондықтан әскери қызметкер ретінде үлес қосқым келді. Турникке 30 рет тартыламын деген шешімге келіп, дайындық жасап жүрдім. Ақыры сәтін салып, ойға алған мақсатымды орындадым. Тәуесіздіктің төл перзенті ретінде осылайша үлес қостым, – дейді ол.
«Көк тудың желбірегені жаныма қуат береді. Таласқа түссе жан мен ту. Жан емес маған керегі. Көк тудың желбіргені» деп ұрандатқан №10216 Ж әскери бөлімшесінің қызметкерлері осылайша қазақ елі үшін айтулы шараға өз үлестерін қосты.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
05 мамыр 2021 ж. 341 0