Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктемгі бет күтімі

Көктемгі бет күтімі

Құлпырып көктем де келді. Бұл кез табиғаттың да, адамның да түрленетін шағы. Сондықтан көктемде бет көп күтімді қажет етеді. Мұндай мерзімдік проблемаларды қалай шешуге болады?

Егер бетіңіз құрғақ болса, 100-150 грамм қара нанды қайнап тұрған суға салып, бұқтырып қойыңыз. Суығаннан кейін бетіңізге жағып, 15-20 минут жата тұрасыз. Сосын бөлме температурасындағы сумен бетіңізді шайып тастаңыз.
Бет терісі құрғақ адамдардың балық майын, жұмыртқа, сүт пен көкөніс, жеміс-жидекті 12 ай дастарқанынан үзбегені дұрыс. Аталған тағамдардың құрамындағы А дәрумені бет терісінің шамадан тыс құрғауына жол бермейді.
Ал егер бетіңіз майлы болса, мынадай қоспа дайындаңыз: банкаға немесе мойыны жуандау бөтелкеге бір жұмыртқаның ағын, 2-3 лимонды сығып, шырынын және еркектерге арналған иіс судың (шет елдік емес, отандық) төрттен бір бөлігін құйыңыз да, дұрыстап шайқап араластырыңыз. Ақ қоймалжың сұйықтық пайда болады. аздап пышақтың ұшымен тұз, жарты стакан 2 пайыздық бор қышқылы мен бір шай қасық глицерин қосыңыз да, тағы да жақсылап араластырыңыз. Осы қоспамен күнде кешкісін бетіңізді сүртіп отырсаңыз, бетіңіз тез майланбайтын болады.
Скраб дайындау әдісі:
Қазір косметикада түрлі-түрлі жаңалықтар пайда болып жатыр. Соның бірі – скраб. Скраб беттің қабыршақтанып ескіріп кеткен терілерін түсіріп, орнына жаңа жас терінің шығуына көмектеседі, бір сөзбен айтқанда жасартады. Біз бүгін скрабты үйде дайындау әдісін беріп отырмыз. Оны жасауға көп нәрсенің керегі жоқ. Құрғақ бұршақ немесе түйебұршақ (фасоль) сосын аздаған су қажет. Бұршақ немесе түйебұршақты кофе үккіштен өткізіңіз немесе келіге салып үгітіңіз. Үгітілген ұнтаққа аздаған су қосып, қоймалжың қоспа дайындайсыз. Скрабты көздің айналасына жақпайды, ал бетке жаққанда саусақтарыңызбен ысқылай отырып жағыңыз. Бес минуттан кейін бетіңізді жуып тастап, күнделікті жағатын бет майыңызды жағуға болады.
Скрабты аптасына 2 рет қана пайдалануға болады. Өйткені бетіңізді скрабпен күнде ысқылай берсеңіз, жара болып кетуі мүмкін.
***
Қайнаған сумен немесе мұз бөлігімен жуыныңыз. Көктемде құбырдан келген сумен жуынбаған жөн, себебі ол «қиналып» жүрген теріге агрессивті әсер етеді. Сондықтан қайнап, суытылған сумен жуынуға тырысыңыз. Шөптер тұнбасымен жуынсаңыз тіптен жақсы болады. Майлы теріге мұз бөліктерімен жуыну жақсы әсерін береді. Бұл кезде де шөптер тұнбасын мұз қатыратын ыдысқа құйып мұздатқышқа салып қоюға болады. Мұндай жуыну түрі бет терісіндегі ұсақ тесіктерді тарылтады және май бездерінің жұмысын ретке келтіреді.
Тамақтану үлесіңізді дәрумендермен толықтырыңыз. Дәрумендерге және микроэлементтерге бай тағамдарды көбірек жеңіз. Майлы және тұзды тамақты азайтыңыз.
Бет терісінің жағдайын және түсін қоректендіруші маскалармен жақсартыңыз. Көктемде бет терісі температура өзгерісінен және күн сәулесінің әсерінен сезімтал бола түседі. Сондықтан аптасына 1-2 рет қоректендіруші маска жасап тұрыңыз.
Бет терісін тазартыңыз. Ұйықтар алдында макияжды арнайы тоникпен немесе мицеллярлы сумен сүртуді ұмытпаңыз. Құрамында спирті бар лосьондардан бас тартыңыз, олар теріні құрғатады. Бет терісін тазартқан соң, міндетті түрде ылғалдандырушы крем жағыңыз.
Тексерілген косметика қолданыңыз. Жаңадан шыққан косметикалық құралдарды тері реакциясын тексере отырып, біртіндеп енгізіңіз. Күн сәулесі белсенді бола түсетіндіктен, көктемгі косметиканың күннен қорғайтын болуын қадағалаңыз.

12 мамыр 2021 ж. 478 0