Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сазан – құнды балық түрі

Сазан – құнды балық түрі

Сазан –балық тұқымдасының ірі балығы, мәдени тұқының жабайы шыққан тегі. Тығыз жалпақ денелі, денесі жасыл-сұр, кейде сары түсті болып тығыз ірі қабыршақпен қапталған. Бұл балықтың елімізде 2 түрі таралған. Бірі – Еуропа cазаны, екінші түрі – Арал сазаны. Еуропа сазаны – Жайық, Жем, Еділөзендерінде, Шалқар мен Каспий теңіздерінің құяр жеріндегі өзендерде кездессе, ал екіншісі Арал теңізі, Сырдария, Сарысу, Шу өзендерінің бойында тараған. Қазақстанда барлық жарамды су қоймалары, көлдер және ну өсімдікті өзен шығанақтарында мекендейді. Тез өседі, терісі теңге қабыршақпен қапталған, екінші жылдың соңында ұзындығы 30 см, салмағы 0,5-0,6 кг-ға жетіп (ең үлкені 2 метрге дейін өсіп, салмағы 20 кг) 30 жылға дейін өмір сүре алады. Қорек талғамайтын балық. Көп ғасырлық сұрыптау нәтижесінде тұқы балықтың бірнеше түрі алынып, солардың ішіндегі көпке әйгілісі – жалтырауық тұқы (зеркальный карп) түрі де Кіші Арал теңізінде кездеседі. Сипатына қарай айна сияқты екі бүйірін жауып тұратын үлкен қабыршақтары үшін осылай аталған.
Сазан балығы Кіші Арал теңізінде негізгі  кәсіптік балық түрлерінің бірі болып табылады және әуесқой балықшылар да аулайды. Етінің сапасы мен талғамдық қасиеті басқа балықтардан көш ілгері тұрады. Етінің майлылығы - 4,1%, белогы – 16,5%. құрайды.    Сазан үш-төрт жасында жыныстық жағынан жетіліп, тұқы тұқымдас балықтарының биологиясына сай  уылдырықтарын бөліп шаша береді. Басқа балықтармен салыстырғанда судағы оттегі құрамын көп талап етпейді, оның уақытша төмендеуіне шыдай береді, тоғандағы жағдайға тез үйренеді.
Кіші Арал теңізіде, маңындағы көлдер жүйесінде  мекен ететін сазан балығының биологиясын анықтайтын болсақ, қабыршағы ірі, аузының екі езуінде мұртшалары бар, жұтқыншақ тісі жақсы дамыған. Ересектерінің ұзындығы 40 – 45 (кейде 100) см-дей, салмағы 2,5 (ірілері 20) кг-дай болады. Жыныстық жағынан 3 – 5 жасында жетіліп Кіші Арал теңізінің барлық аумағында уылдырықтарын  (аналығының көлеміне қарай, ірілері – 1,5 млн-дай) 2 – 3 бөліп, тереңдігі 1,5 – 2 м-дегі өсімдіктерге, көбінесе тереңдігі 0,5 м-дегі жайылма судағы шөп үстіне шашады. Қолайлы  уылдырық шашу су температурасы – 16 – 22°С болса,  судың тұздылығы 12 мг/л дейн жақсы жетіледі. Алдымен жетілгендерін кейін жетілмей қалғандарын жетілдіріп мамыр-шілде айларында  бөліп шаша береді, ұрықтылығы өте жоғары. 
Сазандар қорек талғамайды, су өсімдіктерімен, суға жел ұшырып түсірген құрлық өсімдіктерінің тұқымымен, шаянтәрізділермен, былқылдақденелілермен, әр түрлі ұсақ омыртқасыз жәндіктермен де қоректенеді. Шабағы алғашында зоопланктон және майда балдырлармен, кейін әр түрлі жәндіктермен азықтанады.
Соңғы жылдары  су жетіспегендіктен,  біршама өзен-көл суының тартылуына байланысты сазан саны азайып барады және тіршілік ортасы мен қорек құрамының нашарлауына байланысты сазандардың дене тұрқы да кішірейіп кеткенін айтуға болады.  
Кіші Арал теңізінде 2020 жылғы ғылыми-тәжірибелік аулау негізінде сазанның ұзындығы 13,0 ден 74,0 см аралығында болып, орташа ұзындығы 32,9  см-ді құрады, салмағы 145 тен 9000 г-ға дейін жетіп, орташасы 1014,3 г. болды. Жас құрамы тоғыз генерациядан құрылды. 
Қорытындылай келе сазан балығы құнды балық түрі. Кіші Арал теңізінде санын, өндірістік кең көлемге жеткізу үшін толыққанды зерттеулерді жүргізілетін болады. Кіші Арал теңізінің гидрологиялық жағдайы оңтайлы болып, қолайлы биотасы қалыптасса айтарлықтай сазан балығының биологиялық көрсеткіштері жақсаратыны сөзсіз.
А. САРИЕВА,
 «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалының  аға лаборанты
23 мамыр 2021 ж. 4 103 0