Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ішкі істер министрлігі ұрылар қандай пәтерге жиі түсетінін айтты

Ішкі істер министрлігі ұрылар қандай пәтерге жиі түсетінін айтты

ІІМ криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов қандай пәтерде ұрлық жиі болатынын және ұрылардан қалай сақтану керектігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, ұрылар көбінесе бірінші немесе екінші қабатта орналасқан пәтерлерге түседі. Мәселен, бірінші қабатта сауда орталығы орналасса, екінші қабаттағы пәтерге кіру оңай болады. Сондай-ақ, олар көп жағдайда терезелері пластик, металл тор орнатылмаған үйлерді тонайды.
«Терезесі өрт баспалдағына жақын немесе құбыр арқылы енуге болатын пәтерге түседі. Егер үйдің есігі ағаш әрі құлпы әлсіз болса, кіреберісте және үй периметрі бойынша бейнебақылау камералары болмаса, бұл ұрылардың жұмысын жеңілдетеді», – деді Нұрмағамбетов брифингте.
Ол пәтер ұрлығы, әдетте күндіз, үй иелері жұмыста, ал балалар сабақта болғанда жасалатынын атап өтті. Қаскөйлер, негізінен өзімен бірге байқатпай алып кетуге болатын заттарды, яғни ақша, зергерлік және алтын бұйымдарды ұрлайды.
Сонымен қатар, Нұрмағамбетовтің айтуынша, қазақстандықтар кейде әлеуметтік желі арқылы өз үйінің тоналуына себепші болады.
«Өйткені олар өз үйінің қайда орналасқанын, қалай тұратынын, қандай көлік мінетінін көрсетеді. Қазір қала сыртында, демалыста немесе курортта жүргенін айтып, сол арқылы үйінде ешкім жоқ екенінен хабар береді. Яғни, байқаусызда қылмыскерлерге сигнал береді», – деп түсіндірді ІІМ өкілі.
Ол пәтер ұрлығы елде жасалатын барлық ұрлықтың 10%-ін құрайтынын алға тартты.
Нұрмағамбетов азаматтарға үйге ұры түспеуі үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес берді:
  • үйде ешкім болмағанда, терезелер мен балконды ашық қалдырмау;
  • есікке механизмі күрделі кем дегенде екі ілмек құрылғы орнату;
  • датчик, дыбыс сигнализациясы сияқты заманауи электронды қорғаныш құралдарын орнату;
  • қомақты ақша мен қымбат заттарды шкаф пен матрац астында сақтамау, оларды сейфке салу немесе банкте сақтау;
  • үйді орталықтандырылған пульттік күзет қызметіне қосу.
kyzylorda-news.kz/​​​
24 мамыр 2021 ж. 319 0