Жаңақорған, Арал аудандарында жаңа мектептер пайдалануға беріледі
ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасының аймақта жүзеге асырылу барысы«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Білім мен ғылымды дамыту» жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес отырысында талқыланды.
Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова аталмыш бағдарламаның өңірде орындалысы барысын кеңінен таныстырып өтті.
«Атап айтсақ, мемлекеттік бағдарламада жергілікті әкімдіктердің құзыретіне 4 индикатор, 23 көрсеткіш бекітілген. Бүгінгі күні 4 индикатор мен 22 көрсеткіш толық орындалған. Қалған бір көрсеткіш үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған. Алайда бұл мәселені шешу үшін жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, Қызылорда қаласында үш ауысымды болдырмау бағытында 600 орындық жаңа мектеп пен 200 орындық бір мектептің қосымша құрылысы жыл соңына іске қосылмақ. Сондай-ақ, осы мақсатта жеке инвесторлармен 800 орындық 2 жеке мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, Арал, Жаңақорған аудандарында екі жаңа 300 орындық мектеп қыркүйек айында оқушы қабылдайды деп жоспарланып отыр», – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.
Басқарма басшысы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мәселесіне де тоқталып өтті. Мәселен ағымдағы жылы 1-6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытужоспар бойынша 81 пайыз болса, орындалысы 85,5 пайызды құрап отыр. 3-6 жасқа дейнгі балалардың қамтылуы 100 пайыз.
Балалар қауіпсіздігі үшін 70 мектеп бейнебақылау жүйелеріне қосылып, терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілген. Нақты айтар болсақ, 14 мектеп жедел басқару орталығына, 56 мектеп полицияның кезекші бөлімшелеріне қосылған. 110 мектеп ювеналды полиция қызметкерлерімен қамтамасыз етілген.
Техникалық және кәсіптік білім беру бағытына келсек, облысымызда 30 колледжде (оның ішінде 17 мемлекеттік, 13 жекеменшік) 97 мамандық 163 біліктілік бойынша 20 мың студент білім алуда. 2020 жылы мемлекеттік тапсырыс негізінде бітірген 4067 студенттің 3459 жұмысқа орналасып, көрсеткіш 85,1% құрап отыр.
Басқарма басшысы дарынды балаларды қолдау бағытындағы жұмыстарды да тілге тиек етті. Айтуынша жыл басынан халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарында 124 оқушы жүлделі орын алған. Республикалық олимпиаданың қорытындысымен 26 оқушы жеңімпаз атанып, өңіріміздің олимпиадалық командасы республикада жүлделі 3 орынды иеленген.