Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлікті масаң күйде тізгіндеген зейнеткер көлік басқару құқығынан айырылды

Көлікті масаң күйде тізгіндеген зейнеткер көлік басқару құқығынан айырылды

Жүргізушілердің арасындағы ең көп таралған әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі, бұл көлікті мас күйінде жүргізу екендігі бәрімізге  мәлім. Бұл көліктегі құқық бұзушылықтардың ішіндегі адам өміріне аса қауіп тудыратын әрекет болып табылады.
Бұрындары,  жүргізушінің көлікті масаң күйде басқаруы көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыруға әкеп соқса, бүгінде он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.
Құқық бұзушылықтың бұл түрі үшін тағайындалатын жаза қаншалықты қатал болса да, бүгінде ішімдік ішіп алып көлік жүргізушілер саны азаймай отыр.

Құқық бұзушылардың ішінде жастарға жол сілтеп, тәлім-тәрбие беретін зейнеткер қарияларымыздың да кездесетіні өкінішті-ақ.

Мысалы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, 1946 жылы туылған азамат У. ағымдағы жылдың 8 маусымында көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарып келе жатып, жол-полиция қызметкерлеріне ұсталған. Құқық бұзушының ішімдік ішкен күйде болғандығы медициналық куәләндырудың қорытындысымен расталған. Сондай-ақ, құқық бұзушы сот отырысында өз кінәсін мойындаған.
Сот қаулысымен азамат У. ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, жасына байланысты осы Кодекстің 50-бабының 2-бөлігінің негізінде, әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазадан босатыла отырып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік  жаза тағайындалған.
Айта кету керек, Арал аудандық сотында өткен жылы көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 88-азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, биыл жыл басынан бері 26-азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі
15 маусым 2021 ж. 371 0