Қызылордада жыл басынан бері 13 бала суға кетті

«Аймақта суға түсуге қауіпті 64 учаске анықталған. Рұқсат етілген 2 жағажай бар. Жыл басынан бері облыс аумағындағы 19 адам суға кетті. Оның 13-і бала. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады. Қазіргі таңда 17 адамға ескерту шарасы көрілді», – деді Асхат Тоғызбаев.
Күн райының ысуына байланысты көпқабатты тұрғын үйлердің терезе, балкондарының ашық қалуынан балалардың құлап кету жағдайы көбеюде. Оның басты себебі ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдыруы, терезеде уақытша бекіткіш торлардың болмауы, москит торларының берік бекітілмеуінен болып отыр.
«Жыл басынан бері аймақта балалардың терезеден құлауының 6 фактісі тіркелді. Оның ішінде Шиелі ауданында – 1, Қызылорда қаласында – 5 жағдай орын алды. Осыған орай, біздің тарапымыздан тұрғындар арасында 81 үгіттеу-түсіндіру парақтарын іліп, аулада кездескен 107 тұрғынға жадынама таратылды. Сонымен қатар, дауысзорайтқыш арқылы тұрғын үй ауласында ескерту, түсіндіру іс-шаралары жүргізілуде», – деді Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бөлімінің бастығы Бейбітхан Спанов.
Жалпы мамыр айынан бастап 23 рет рейд жүргізіліп, 215 үнпарақ таратылды.
kyzylorda-news.kz