«Алтын белгі» иегерлері қайта тексеріледі
«Алтын белгi» иегерлерінің нәтижесі тағы бір рет тексеріледі. Бұл туралы Алматы қалалық білім беру басқармасының басшысы Ляззат Жылқыбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Басқарма басшысы қашықтан оқыту кезінде үздік оқушылардың көбейгенін мойындап отыр.
«Иә, «Алтын белгi» иегерлерінің саны өсіп отыр. Бірақ ондай жағдай Алматыда ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша байқалып отыр. Мәселен, былтыр Алматы қаласында мектепті үздік бітірген 528 оқушы болса, биыл 624 бала алтын медаль иегері атанып отыр. Алайда бір нәрсені ескеру керек, 2020 жылы түлектердің жалпы саны 7 мың адам болса, биыл 11 мың оқушы мектепті тәмамдап отыр. Проценттік арасалмақта қарасақ, керісінше, үздіктердің саны төмендеп отыр. Дегенмен, бір қала үшін 624 «Алтын белгi» тым көп», – дейді Жылқыбаева.
Оның айтуынша, қазіргі кезде бақылау шаралары қолға алынып отыр. «Алтын белгi» алған оқушылардың барлық жұмысы қайта тексеріледі.
«Бұдан бөлек, біз мектеп директорларының қатысуымен кеңес өткізіп, сол жерде әрбір медальді беру мәселесін пысықтаймыз. Талдау жасаймыз», – деп атап көрсетті басқарма басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, әзірше «Алтын белгi» иегерінің ҰБТ-да шекті ұпайды алмауы тіркелген жоқ. Барлығы өз дәрежесін растады.
«Білім басқармасы ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталғаннан кейін 30 маусымда «Алтын белгi» иегерлерінің нәтижесін тағы бір рет тексеріп шығады», – деді Жылқыбаева.