Журналистика – менің таңдауым
Болашағымызбен тікелей ұштасып жатқан, өміріміздің бір бөлшегі ол – біз таңдаған мамандық. Келешекте үлкен мамандық иесі болатынын армандамайтын бала болмайды. Алғашқы кезде біздің ойымызда «Қоғамға адамдарға пайдасын тигізетін мамандықты қалай таңдауға болады?»деген сұрақ болды. Әлемде 40 мыңға жуық мамандық түрі бар. Адам баласы қай мамандықты таңдаса да, еңбегінің қуанышын таба білсе, содан асқан бақыт жоқ шығар, сірә?! Абай атамыз «Неге арналсаң, соны істе» деп айтқандай, зор шабытпен, ынта-ықыласыңмен істеген іс – табыс шыңына жеткізетін қанат.
Ең басты мәселе, өзіміздің неге арналғанымызды тани білуіміз керек. Мамандықты дұрыс таңдау – өміріміздің бір кірпішін дұрыс қалау. Ал мен таңдаған мамандығымды өмірімдегі ең дұрыс шешім деп білемін. Мен шындықты шағып айтатын, елін сүйетін, мақсаты мен мұраты айқын, парасат пен ақыл-ойдың алыбы боламын деген нық сеніммен «ақпараттық ойдың көшбасшысы» атанатын қоғамдағы төртінші билік өкілі – журналистика мамандығын таңдап отырмын.
Әрине бұл даңғыл жолға түсуіме қаламы қарымды, ой-санасы биік азаматазаматшаларымыздың еңбегі зор. Ал осы даңғыл жолды таңдауыма бірден-бір себепкер тұлға қазақ журналистика саласының еңбек сіңірген қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлы еді. Ол 40 жылдан астам уақыт телевидение саласына мол еңбек сіңірген, қазақ журналистикасының жілігін шағып, майын ішкен мықтыларымыздың бірі. Ең алғашқы еңбегі «Жадыңда ма, жолдас?» бағдарламасы болатын. Содан бері талай жанның санасын қозғаған, саяси-мәдени сауатымен, әсіресе шыншылдығымен жүрегімді жаулады. «Заң мен заман», «Бетпе-бет», «Арнайы репортаж», «Заң сөйлесін» бағдарламаларын сүйіп көретінмін. Нұртілеу ағамның әрбір сөз саптау мәнері, дауыс ырғағы, ойын еш бүкпесіз әсем бейнелеп жеткізетін қабілеттеріне тәнті болатынмын. Қаншама бағдарлама жүргізіп, қаншама бағдарламаның эфирге шығуына мұрындық бола білген жан еді.
Кішкене күнімнен Нұртілеу ағамның құқықтық, заң саласындағы білімін жоғары бағалайтынмын. «Заң сөйлесін» бағдарламасы халықтың нәубеті мен бейнетін шеше білген бағдарлама болды.
Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан өздерің сияқты жас мемлекет, сондықтан біздің болашағымыз да жастар» деп тегіннен-тегін айтқан жоқ. Мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңі жас ұрпақтың еншісінде болғандықтан, біз сауатты, білімді, бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Сонау бастауын ержүрек Алаш қайраткерлерінен алып, аттың басын тартпай тек қамшылап алға шауып отырған, елім, жерім деген аға буыны бар қазақ журналистикасында көптеген жұмыс атқарғым келеді. Білімімен мыңды жығатын, көзі ашық көкірегі ояу «Қалың елім, қазағым» дейтін жүрегінде оты жанған журналист болу – міндетім.
Н.ӘДІЛОВ,
№59 орта мектеп түлегі,
Қарақұм ауылы