Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мамандықты дұрыс таңдап жүрміз бе?

Мамандықты дұрыс таңдап жүрміз бе?

Қоғамның кетігін тауып, бір кірпіші болып қалану, қоршаған ортадан өз орныңды табу үшін  бір мамандықты таңдап, игеру қажет. Бұл ретте қазақстандық жас буын қай мамандыққа құштар деген са­уал туады. Әрине кейде қалаған мамандыққа қол жетпейді немесе ата-ананың ақылымен, тіпті қатарларының ықпалымен де таңдауын өзгертіп жататын жастар бар. Олардың бәрі бірдей ертең еншілеген дипломын кәдеге жаратып, таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істей бермейді. Бұл жастық шақта оқыған оқудың бекер болғанын білдірсе, қартайғанда оқыған оқуы мұзға жазғандай миына қонбау қаупі тағы бар. Хәкім Абай айтқандай «қо­лын мезгілінен кеш сермеп» қал­мау үшін қарекетке көшкен абзал. Өйткені өмір табалдыры­ғынан аттаған жастың жанына жақын мамандыққа ер салуы ертеңгі күнге сеніммен нық қадам басуына да алғышарт болары анық.
Бір сәт тариха көз жүгіртсек. Қазақ халқының ғасырлар бойғы кәсібі, тіршілік көзі  мамандығы – мал шаруашылығы болғаны белгілі. Сондықтан бүкіл өмір сүру пәлсапасы төрт түлікке байланысты өрбіді. ХІХ ғасырда халықты бұратана ретінде ноқталаған саяси ұстаным жалпы бұқара үшін тілмәш болуды, яғни орыс тілін меңгеруді алға шығарды. Мұны сол замандағы Абай, Шоқан, Ыбырай сияқты қазақтың ұлы ағартушылары сауат ашып, белгілі бір мамандықты меңгерудің маңыздылығын халыққа насихаттады. Соның нәтижесінде қазақтың оқығандары көбейіп, олар тарихтың аумалы-төкпелі тұсындағы миссиясын лайықты атқарды. Дегенмен, кеңестік кезеңде Қазақстанға қатысты таңылған аграрлық саясат ұстанымы жалпы жұрттың негізінен мал дәрігерлігі мен агроном мамандығын оқып-тоқуына кеңінен жол ашты. Тіпті ғылымға бет алған жастарды да бұрып әкеліп мал соңына салуға құмбыл сыңаржақ бастамалар комсомол жастардың ұраны болды. Ал тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары қалыптаса бастаған нарықтық қоғам есеп-қисапқа жүйрігін де, көбейту кестесіне жоғын да қаржыгерлікті, ал гуманитарлық салада заңгерлікті таңдауын сәнге айналдырды. Зардабы көп күттірмей білінді. Табақтай дипломы бар жұмыссыздар қатары толыға түсті.
Бүгінде алуан түрлі мамандық та, оны даярлайтын оқу орындарының да қатары артқан. Мемлекет тарапынан грант негізінде мамандық алуға мүмкіндік ашылды. Жыл сайын кәсіптік негіздегі арнаулы оқу орындарына және жоғары оқу орындарындағы бакалаврлық, магистрлік, PhD докторлығына бөлінетін мемлекеттік гранттар саны да арта түсті. Бұл өз кезегінде маман тапшылығын жоюға мүмкіндік береді, дейді Білім және ғылым министрлігінің өкілдері. Сарапшылар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, нақты экономика салаларында, өндіріс орындарында тапшы мамандар қоғамға белгілі болғанымен, талапкерлердің таңдауы көп ретте қаржы табуға қолайлы мамандықтарға ойыса беретінін айтады.
Ал қоғамдағы мұғалім мен дәрігерге қалыптасқан қасаң көзқарастың шырмауынан шыға алмағандықтан және жүктемесінің анағұрлым жоғары екендігін түсінген білімді талапкерлер аталған салалардағы мамандыққа құжат тапсыра бермейді. Тиісінше елімізде осы салада мамандардың тапшы екендігін жасыра алмаймыз.  Бұл үрдісті тежеу мақсатында елімізде аталған сала мамандарының жүктемесі азайтылып, олардың жалақысы бірнеше есеге өсе түсті. Ал қазірде білім беру саласында 40 жыл ұстаздық қызет еткен Гүлнар Әнәпияева өз мамандығын қалай таңдағаны туралы айтып берді.
– Мен өз мамандығымды таңдаған кезде өзіме алдымен менің қолымнан не келеді? Қай салада жақсы маман бола аламын және қоғамға қалай өзімнің үлесімді қосамын? деген сауал қойдым. Әкем мұғалім болатын. Бала кезде осы мамандықтың қыр-сырына қанық болып өстім. Әкемнің жұмысына көмектесетін едік. Оқушылардың дәптерін тексеріп, іс-шаралардың қағаздарын реттеп жүрдім. Бірақ бала кезде менде мұғалім болам деген ой болған жоқ. Форма киетін маман иелеріне қызығушы едім. Бұл оң-солын танып білмеген балауса қыздың көрсеқызарлығынан туған-ды. Дегенмен уақыт өте келе мен өзімді тек мұғалім ретінде ғана көре алдым. Бар жүрек қалауым да, икемім де мұғалімге келетіндігін түсіндім. Осылайша Қызылорда қаласындағы пединститутқа оқуға түсіп, мамандығымды меңгеріп, диплом алдым. Жұмысқа орналастым. Шөмішкөлдегі орта мектепте 40 жылға жуық мұғалім болып қызмет етіп, зейнеткерлікке шықтым. Қаншама жыл шәкіртке білім бере жүріп, өзім де өмір бойы ізденісте болды. Осы жылдар ішінде өзімнің мамандық таңдаудан қателеспегенімді түсіндім, – деді.
Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл 874 жас мектеп қабырғасынан түлеп ұшты. Олардың 588-ге жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқалы отыр. Әрине қазір мектеп бітірушілердің 99 пайызы белгілі бір мамандықты меңгеру үшін жоғары, арнаулы оқу орындарына түсіп жатады. Олардың бәрі бірдей мемлекеттік оқу орнының студенті атанып, мемлекеттік грантты еншілемесе де түрлі жекелеген оқу орындарында немесе ақылы негізде бір мамандықты меңгеруге тырысады. Бірақ бір өкініштісі, ол диплом кейін кәдеге аспай қалып жататыны да жасырын емес. Олардың бәрі бірдей өз мамандығының иесі бола алмайды. Өйткені ол бұл мамандықты шын жүрек қалауымен таңдамауы мүмкін. Тек қатардан қалмай студент атанып, бір дипломды алып алсам, қалғанын көре жатармыз деген ой болары да жасырын емес.
Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын өндірістік технолог мамандығын тәмамдап, қолға қызыл диплом алған Айдар Серікұлының 4 жылғы еңбегі қайтқан жоқ. Ол қазір өз мамандығы бойынша жұмыс табылмасын білген соң басқа салаға ойысқан.
– Әрине, мектеп бітірген кезде бәріміз бір оқу орнына түсуді мақсат етеміз. Бірақ ол мамандық қандай болары белгісіз. Шынымды айтсам, мен мамандықты емес, алдымен пәнді таңдадым. Физика пәні бағытындағы мамандықтарға аз балмен грантқа түсіп кетуге мүмкіндік болған соң, 11 сыныпта осы пәнге дайындық жасадым. Осылайша мамандық таңдар кезде өндірістік технолог деген мамандықтың түпкі мәнін түсінбесем де таңдау жасадым. Не керек, оқуға түсіп, 4 жыл Орал қаласында жоғары оқу орнында оқып, диплом алдым. Бірақ өз мамандығым бойынша Аралдан жұмыс таба алмадым. Сол себепті қазір дипломды сандыққа салып қойып, кәсіппен айналысып жатырмын, – дейді ол.
Сондай-ақ туабітті талант пен дарынды немесе белгілі бір қызығушылыққа құштарлық пен бейімділікті де тұншықтыруға болмайды. Бала кезден бірге келе жатқан қасиет өмірлік азық болуы мүмкін. Мәселен, бүкіл әлем көз тігіп отырған бүгінгі электромобильдердің алғашқы қозғалтқышын құрастырушы – оқушы. Кейіннен «Тесла» электрокарының двигателін жасаған америкалық конструктор Джей-би Штробель 13 жасында-ақ жертөледегі химиялық зертханасында түрлі тәжірибе жасап, қоқыстан тауып алған ескі голф-карттың электрлі моторын қайта құрастырып шығады. Осылайша хоббиін жетілдіре келе, энергетикалық жүйе мен инженерлік жобалауды үйлестірген әйгілі инноватор-конструкторға айналды.
Заман ілгері жылжыған сайын қоғамда жаңа мамандықтар өмірге келе бастады. Қазір технологияның дамыған заманында жастардың көбі IT саласына бет бұрған. Биыл мектеп бітірген Әділет те болашақта осы саланы меңгеруді армандайды.
– Күнен күнге технология дамыған сайын осы салаға деген сұраныс жоғары екендігін байқадым. Оның үстінде болашақта тәуір табыс табуға болады. Сол себепті өзімнің мамандығым ретінде таңдап отырмын, – дейді Әділет Әсемхан.
Түйін.Мамандықты дұрыс таңдау ол сенің болашаққа алған бағытыңды айқындай түседі. Сол себепті мамандық таңдаудан қателеспеген жанның болашағы да жарқын бола түспек. Табысты мамандық болмайды. Кез келген мамандықты меңгеріп, мол табысқа кенелу әркімнің өзіне байланысты. Сондықтан жастар мамандық деген қасиетті ұғымға жүрдім- бардым қарамаса екен. 

Назерке МАРАТҚЫЗЫ
22 маусым 2021 ж. 664 0