Судан құрт шығуы мүмкін бе?
Бұл ақпарат сізді елең еткізуі мүмкін. Басында біз де таң қалдық. Сол себепті де көзбен көруді жөн көрдік. Сөйтіп сол жағалаудағы Толқын Баймаханованың пәтеріне бет алдық. Расымен краннан ағатын судан жыбырлаған құрттарды көрдік те, шошыдық.
Толқын Баймаханованың айтуынша, үйіндегі гүлдер біртіндеп сола бастаған. Топырақтан шығар деп оны ауыстырып көрген. Дегенмен нәтиже жоқ. Сөйтсек үй гүлдері құрттаған судан зардап шеккен. “Түнгі 3-те судағы құртты байқадым. Шошып кеттім, біз қандай су ішіп жүрміз? Мен фильтр орнатқанмын. Соның өзінде суда құрт бар. Өзіңіз де көріңізші. Мына құрт қазір ағартқыш құйсам жыбырлайды да, содан кейін барып өледі. Минуттардың ішінде құрттар көбейіп жатыр. Содан дереу видеоға түсіріп алдым. Көшіп келгенімізге 2 жыл болды. Бірінші кезде су жақсы-тұғын. Үйдің артындағы канализацияға су толып тұрды кешегі күні”, – дейді ашынған тұрғын.
Бұл үйге ертесі күні тағы бардық. Бұл жолы қаланы сумен жабдықтаушы мекеменің зертхана мамандарымен келдік, олар арнайы сынама алды.
Нұрғазы ЕСҚАРАЕВ,
«Қызылорда су жүйесі» МКК аумақ бастығы:
– Бізге “Ішіп отырған судан құрт шықты” деген шағым түсті. Қызылорда су жүйесіне қарасты лабораторияның инженер-биолог, инженер-химиктермен бірге сынама алдық. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Бұрын құрт шықты деген ақпарат болған жоқ. Пәтер иесі “бір аптадай үйде болған жоқпын” деді. Су қолданыста болмаған соң да ондай жағдай кездесуі мүмкін, дегенмен де судан сынаманы күнделікті бүкіл қала нүктелерінен алып отырмыз және қалалық санэпидстанцияға күнделікті ақпар беріп отырмыз. Ондай жағдай болуы мүмкін емес.
Өзге де көршілерді әңгімеге тартқымыз келді. Мұнда 40 отбасы бар. Оларды пәтердің ауласында тостық. Бірі “мен әкімшілікте істеймін, ешқандай сұрағыңызға жауап бере алмаймын” десе, енді бірі “бізде ешқандай мәселе жоқ” деп құтылды. Ал Фариза есімді келіншек: “Мен бұл суды өзім ішемін, балаларыма да беремін. Күнделікті пайдаланып отырған судан құрттың шығуы адам сенгісіз жағдай ғой”, – деді.
Толқын БАЙМАХАНОВА,
тұрғын:
– Қызыма дәрі берейін деп, кесені шайғанмын, кесені төңкерген кезде су тамшыларынан бірдеңе байқағандай болдым. Телефонның жарығымен жақындап қарасам, бірте-бірте көбейіп жатыр. Бес минуттың ішінде үймелеп кетті. Суда жүрген бұл не жәндік деп шошындым. Видеоға түсіргендегі мақсатым, су басшылығы судың құрамын тазартып, тұрғындарға сапалы су берсін дедім. Сіздер келер алдында тағы бақыладым. Тұрып, тұрып өсіп жатыр. Су жоқ болса қимылдамайды.
Тиісті сала басшылары суда құрттың болуы мүмкін емес екенін алға тартты. Расымен бұл не қылған құрт болды?
Гүлмира КЕНЖЕБАЕВА,
«Қызылорда су жүйесі» МКК инженер-биологы:
– Лабораториялық бақылау кесте бойынша қаладан 18 жерден сынама алынады. Күнделікті су химиялық және бактерологиялық анализге тексеріледі. Қаламыздың сол жақ жағалауындағы 12-інші үйдің 32 пәтерінен химиялық және бактерологиялық сынамаға су үлгілері алынды.
Нұрғазы Есқараев,
«Қызылорда су жүйесі» МКК аумақ бастығы:
– Қорытындыға сәйкес, суда ешқандай құрт жоқ. Олай болуы мүмкін емес. Үй иесі бір апта бойы үйінде болмаған, сол уақытта су пайдаланылмағандықтан кранның бойында су жиналып қалған. Ал құрт сол трубадағы жиналған судан шыққан. Раквинаның астындағы шлангының бойынан құрт жоғары көтерілуі мүмкін. Арыз түскендіктен, міндетті түрде үй толық залалсыздандырылады.
Мөлдір САБЫРЖАН