Вакцина салып, 1 миллион ұтып ал: қазақстандық кәсіпкер ұтыс жариялады

Павлодарлық ресторатор Айдар Құрымбаев әлеуметтік желідегі парақшасында коронавирустан шаршағанын, пандемия салдарынан бір жарым жылдан бері бизнесі тоқтап тұрғанын жазды. Тойға тыйым салынған, бұқаралық іс-шаралар ұмыт қалды.
«Қазақстан билігі халықтың 60%-і коронавирусқа қарсы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптасқан жағдайда мерекелік іс-шараларға рұқсат береміз деп отыр. Сондықтан мен 1 миллион теңгеге ұтыс жариялаймын», – деп жазды ол.
Байқаудың шарты мынадай: қаладағы жеті емхананың бірінде COVID-19-ға қарсы вакцина салдыру керек, оның мерзімі – 26 маусым мен 3 шілде аралығы. Екпе егетін кабинеттердің жанында қорап орнатылады. Вакцина алғаныңызды растайтын анықтаманы көрсетіп, сауалнама парағын аласыз және оны толтырасыз. Сосын купонды урнаға тастап, ұтыс нәтижесін күтесіз.
Кәсіпкер ұтыстың 3 шілдеде сағат 19.00-де инстаграмдағы парақшасында өтетінін хабарлады.
syrboyi.kz