Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Темір жол – қауіпті аймақ

Темір жол – қауіпті аймақ

Азаматтардың пойыздардың қозғалыс аймағында қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы, бұл өлімге әкелетін басты себеп. Адамдар темір жолды кесіп өткенде, алкогольді ішімдік ішкен мас күйінде, телефонмен сөйлескенде немесу құлаққаппен жүргенде пойыздың шуымен машинистің сигналын естімейді. Адам басу, мал басу жағдайлары «КТЖ»-ға шығындар келтіреді, локомотив бұзылады, жолаушылар мен жүк пойыздарының жүру кестесі үзіледі. Темір жол төңірегінде сақтық шарасының сақталмауы, соның салдарынан тиісті ереже бұзылуының жиілеуі бізді қатты алаңдатып отыр. Дистанция мамандары жол полициясымен бірлесіп автокөлік жүргізушілер, жергілікті әкімдік арқылы темір жол бойындағы тұрғындар, әсіресе, мал ұстайтын адамдар арасында қауіп-қатердің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуіне қарамастан ережені өрескел бұзу тыйылар емес.
Биыл Арал теңізі жол дистанциясының телімінде малдың бірнеше мәрте жолға шығып кетуі орын алды. Соның салдарынан пойызды апатқа ұшырату қаупі төнгендіктен, оның алдын алу үшін локомотив машинистері шұғыл тоқтау тетігін қосуға мәжбүр болды. Пойызды бұлай шұғыл тоқтату вагондағы адамның жарақат алуы мен жүктің соқтығысуына әкелуі, оның зардабы оңайға соқпайтыны өзінен-өзі түсінікті. Ал пойыздың мал басуы дөңгелектің рельстен шығуына апарып соқтыруы әбден мүмкін.
Бағусыз, қараусыз жүрген малдың темір жолға шығып кетуі Арал теңізі станциялары маңайында өте жиілеп кетті. Өйткені иелері таң атысымен өріске шығарып жібереді де, кейін қарамайды. Бұл пойыз қатынасына кедергі келтірумен қатар, адам өміріне де қауіп тудырады. Мұндай жауапсыздықтан, жаны ашымастықтан арылған абзал.
Жалпы, темір жол бойында мал бағуға арналған арнайы ереже де бар. Мәселен, малды жол табанынан 300 метр қашықтықта арқандап жаюға болады. Ал бос малды бағуға темір жолдан екі шақырым қашықтықта ғана рұқсат етіледі. Ескерту белгісі немесе арнаулы өтпесі жоқ жерден мал айдауға мүлде болмайды. Кейде көп малды келесі бетке өткізуге тура келеді. Ондайда мал иесі міндетті түрде жергілікті жол шеберлеріне алдын ала ескертуге тиіс. Өкінішке орай, осы қарапайым қағида сақтала бермейді.Автокөлік жүргізушілері де алаңсыз. Өткелге жақындағанда екі жақтан келе жатқан пойыздың бар-жоғына назар аудармайды. Тоспа мен бағдаршамға кемі 5 метр жер қалғанда, олар болмаған жағдайда шойын жолға кемі 10 метр қалғанда тоқтау керектігін ескермей, автокөліктің тұмсығын тіреп қояды. Тіпті, өткелден өтерде темір жол табанында тоқтап қалса да шұғыл шара қолданудың немесе қауіпті жерге қоршау белгісін қоюдың орнына автокөлігін тастап кеткенді де көрдік.
Апат айтып келмейді. Ал темір жол бойынша оның ықтималдығы еселене түседі. Сондықтан, «Сақтансаң –сақтайды» деген қағиданы естен шығармайық. «Темір жол қатынасы қауіпсіздігіне қатысты ережені қатаң сақтайық» дегіміз келеді.
Қаламызда жазғы бассейн ашылғалы "Шанхай" мөлтек ауданынан темір жол үстімен бергі бетке кішкентай балалар көп өтуі орын алып отыр. Ата-аналар, сол жағдайды ескере отырып, балаларыңызды қараусыз қалдырмауларынызды сұраймыз.
Жақын арада болған жағдайлар:
24.06.2021жылы – 2370 км пикет 1 – 1276 пойызы,  ер-азамат баласымен темір жолдың белгіленбеген жерінен өтті, пойыз тұрды, хаттама толтырылды;
22.06.2021 жылы– 2370 км пикет 9 – 1276 пойызы, ер-азамат темір жолдың белгіленбеген жерінен өтті, пойыз тұрды, хаттама толтырылды;
13.03.2021жылы – 2372 км пикет 5 – 2605 пойызы, мал басты – иесіне хаттама толтырылды, айыппұл салынды;
03.02.2021жылы – көлік өткелінде 4751 пойыз қозғалысына жолға шығып тұрған көлік кедергісін келтірді– айыппұл салынды.
Станция қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып рейд және тағы да басқа іс-шаралар өткізбек. Заң бұзушылықтар орын алған жағдайда заң аясында айыппұл салынып, хаттама толтырылатынын тұрғындарға ескертеміз.
Т. ШҮРЕНОВ,
Арал теңізі станциясының басшысы
      
05 шілде 2021 ж. 2 750 0