Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Заман талабымен үндескен заңнама

Заман талабымен үндескен заңнама

«Заманына қарай заңы» демекші, қоғамымыз алға басып, құқықтық жағынан дамыған сайын заңдар да заман талабымен үндесіп, жетіле түсетіндігі табиғи заңдылық.
Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап,  еліміздің құқықтық кеңістігінде кеңінен талқыланып, оны жүзеге асыру бойынша қарқынды шаралар жүргізіліп жатқан жаңа заңнама – Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қолданысқа енгізілді.
Жаңа Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Ондағы әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті - жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Күнделікті өмірде жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік органдардың қызметіне жүгінеді және олармен қарым-қатынас жасайды. Бұл қатынастардан даулардың да туындайтыны жасырын емес. Әлбетте, мұндай даулардың соңы сотқа шағымдануға ұласып жатады. Алайда, көптеген азаматтар осындай жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде теңсіздікке тап болып жататыны жасырын емес. Бұған дейін мұндай даулар тараптардың теңқұқылығы жағдайында азаматтық процессуалдық ережелер бойынша қаралып келді. Алайда, мемлекеттік органмен жеке адамның арасында болатын дауларда жеке тұлға құқықтық жағынан әлсіз. Ал жаңа заңнама жария-құқықтық дауларда азаматтардың өз мүдделерін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде қорғай алуына барлық мүмкіндікті қарастырып отыр.
Кодекс құрылымы бойынша екі бөлікке бөлінеді: бірі-рәсімдік бөлігі, екіншісі-сот ісін жүргізу бөлігі. Рәсімдік бөлік мемлекеттік органдардың рәсімдерін, соның ішінде мемлекеттік органның өкілеттіктері мен әкімшілік актінің қабылдануы мен шағымдалуы тәртібін айқындаса, сот ісін жүргізу бөлігінде талап қою түрлері, істерді қарау тәртібі, бітімге келу барысының реттелуі, дәлелдеме қуаты, сот шешімі, сот бақылауы, жоғары сатыдағы сот қараулары, т.б. маңызды жағдаяттар нақтыланған.
Әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі жайына келер болсақ, әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады. Сотқа төрт түрлі талап қоюмен жүгінуге болады, олар дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау, тану туралы талап қоюлар.
Сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Судья әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.
Заңнаманың тағы бір жаңашылдығы, мемлекеттік органдарға дәлелдеу міндетін жүктей отырып, соттың процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін ақшалай өндіріп алуды қолдану құқығын белгілеген.
Әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырады, осыған орай Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде 21 жаңа әкімшілік сот құрылды, 500 жуық судья оқытылды.
Қорыта айтқанда, жаңа заңнама азаматтардың жария-құқық саласындағы құқықтарын қамтамасыз етуге, мемлекеттік орган қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыруға ықпал ететін болады.

К. САДУАКАСОВА,
Арал аудандық сотының төрағасы

 
08 шілде 2021 ж. 499 0