Жаңа кодекс жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
2020 жылғы 29 маусымда қабылданып, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі Кодекс) әртүрлі алаңдарда ұзақ және жан-жақты талқылаудан өтіп, заңгерлер қоғамдастығы үшін, жалпы құқықтық мемлекеттігіміздің одан әрі дамуы үшін маңызды болып табылды. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылатыны айтылған. Бүгінгі таңда мемлекет пен азамат арасындағы даулар жалпы соттарында, сондай-ақ экономикалық және азаматтық соттарда қаралуда. Олардың барлығы 2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік соттардың соттылығына өтуі көзделген. Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары, ал мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі осы Кодекспен реттелетін қатынастар болып табыла делінген.
Биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енетін жаңа кодексті жалпы жұртшылық қалай түсініп жүр. Бір айдан аса уақыттың ішінде қолданысқа енетінін ескере отырып, "ауданда бұл кодексті насихаттау шаралары мен дайындық барысы қай деңгейде?" деген сауалмен аудан әкімдігі аппаратының басшысы Нұрмұхамед Омарұлы Боқаевпен сұхбаттасқан едік.
– Нұрмұхамед Омарұлы, Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (әрі қарай ӘРПК) 2020 жылы 29 маусымда қабылданып, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен қолданысқа енетіні белгілі. Осыған орай жаңа Кодексті қабылдаудың қажеттілігі неден туындады деп ойлайсыз?
– Мемлекетіміздің, мемлекеттік институттардың дамуымен қатар қазіргі заңдық базасын жетілдіру де маңызды аспектілердің бірі болып табылады. Яғни қоғамымыз алға басып, құқықтық жағынан дамыған сайын заңдар да заман талабымен үндесіп, жетіле түсетіндігі табиғи заңдылық. Қоғамдық қатынасты реттейтін заңдар ескіріп, орнына жаңадан заңдар қабылданып, кейбір заңдарға, нормативтік-құқықтық актілерге, кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатады. Соның бір дәлелі қазіргі уақытта еліміздің құқықтық кеңістігінде кеңінен талқыланып, оны жүзеге асыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқан заң – «Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі».
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады» – дей келе, әкімшілік әділет құрылымын енгізу мәселесін көтерген болатын.
Осы ретте, ҚР Әкімшілік рәсімдік процестік кодексі керек кезінде қабылданған заңнама деп білемін. Жаңа кодекс Президенттің Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының одан әрі дамуына ықпал ететінін атап өткен жөн.
Жалпы, Кодекс мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қабылдайтын шешімдердің, соның ішінде азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау сапасын арттырады деп ойлаймын.
– ӘРПК негізгі мақсаты мен міндеттерін атап өтсеңіз...
– ҚР ӘРПК қабылдауының мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін енгізу және олардың жұмыс істеуі, сонымен қатар қоғамдық-құқықтық дауларды қарау, сондай-ақ азаматтарға шешімдер қабылдауға нақты қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктерді белгілеу. Яғни аталмыш кодекс аясында азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік беріледі. Егер азаматтар мен заңды тұлғалар әкімшілік органдардың шешімдерімен келіспесе, олар жаңа мамандандырылған әкімшілік соттарға шағымдана алады. Бұл ретте, ӘРПК-де соттың белсенді рөлі қағидаты енгізілді, онда сот өз бастамасы бойынша дәлелдемелер жинайды (егер олар жеткіліксіз болса), судья азаматқа талап қою талаптарын тұжырымдауда жәрдем көрсетеді, талап қоюларды қайтару үшін формальды негіздер алып тасталады.
Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Кодекс құрылымы бойынша екі бөлікке бөлінеді: бірі-рәсімдік бөлігі, екіншісі – сот ісін жүргізу бөлігі. Рәсімдік бөлік мемлекеттік органдардың рәсімдерін, соның ішінде мемлекеттік органның өкілеттіктері мен әкімшілік актінің қабылдануы мен шағымдалуы тәртібін айқындаса, сот ісін жүргізу бөлігінде талап қою түрлері, істерді қарау тәртібі, сот шешімі, сот бақылауы секілді іс жүргізу тәртібі бекітілген.
– Кодекстің бұрынғы заңдардан айырмашылығы, ерекшеліктеріне тоқталсаңыз?...
– Жаңа Кодекс енгізілген уақытта қолданыстағы екі заң күшін жояды. Оның бірі – Әкімшілік рәсімдер туралы заң болса, екіншісі – Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заң. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде билік пен халық арасындағы дауды қараудың негізгі қағидаттары белгіленген. «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңнан айырмашылығы, жаңа кодексте дауларды әкімшілік әділет тәртібімен шешу регламенттеледі, яғни өтініштерді әкімшілік органның немесе лауазымды адамның ғана емес, жоғары тұрған әкімшілік органдарға шағым жасау рәсімі де, сондай-ақ шағымдарды мемлекеттік соттардың кейіннен қарауы (әкімшілік сот ісін жүргізу) көзделген.
Кодекстегі маңызды жаңалықтардың бірі талап түрлерінің нақты айқындалуы деуге болады. Сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады. Ұсынылып отырған өлшемдерге сәйкес олар дау айту, мәжбүрлеу, әрекетті жасау, тану туралы талап қою болып төрт түрге бөлініп отыр. Бұл ретте азаматтық процеске қарағанда, талаптың ұйғарымдылығы, тексеру көлемі, оның іс бойынша өтуі талаптың нақты түрін таңдауға байланысты екенін ескеру керек.
Жаңа заңнама мемлекеттік органдарға дәлелдеу міндетін жүктей отырып, соттың процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептер мен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқығын белгілеген. Кодексте тараптарды ымыраға келтіру шараларын белсенді түрде қолдану да ұсынылған. Тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.
– ӘРПК негізгі ережелерін түсіндіру бағытында қандай шаралар атқарылуда?
– Азаматтардың өтініштерін қарау бөлігінде ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне көшуде, ақпараттық қолдаудың медиа-жоспары аудан әкімімен бекітілді.
Аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен жауапты мамандарына ӘРПК-нің ережелерін түсіндіру мақсатында жыл басынан бері 3 рет семинар-кеңес өткізілді. Аудандық «Толқын» газетіне осы бағытта 2 рет мақала жарияланды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес сәуір айында аудан бойынша 175 мемлекеттік қызметші ҚР ӘРПК негізгі ережелерін түсіндіру және оларды іс жүзінде қолдану бойынша 2 күндік оқу курсынан өтті. Алдағы уақытта жаңа Заң нормаларын түсіндіру бойынша жұмыстар өз жалғасын табады.
Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ