Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлік берекеге бастайды

Бірлік берекеге бастайды

Биылғы қуаңшылық жағдайы тыныс-тіршілігі мал шаруашылығымен тығыз байланысты ауданымыз үшін қиындық әкелді. Жауын-шашын көлемінің аз мөлшерде түсуінен жайылымдық жерлердің құрғап қалуы шаруа баққан жандардың алаңдаушылығын тудырды. Осындай қысылтаяң шақта атқарушы билік те қарекетке көшіп, осы бағытта атқарылатын жұмыстарды нақтылап, төтенше жағдай жарияланды.

«Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, көршілес аудандар мен басқа облыстардан ауданға жем-шөптің жеткізілуі айтарлықтай жеңілдік болды. Ауыл тұрғындары осындай қиын-қыстау кезде қол ұшын созып, жомарттық танытқандары үшін оларға алғаусыз алғыстарын жеткізуде. Сонымен бірге ерекше атап өтетін жәйт жерлесіміз Болат Өтемұратов ағамыздың қорынан 213 млн теңгенің «Аралым – айдын шалқарым» қоғамдық қорына бөлінгені аралдықтарды бір серпілтті. Осындай қомақты қаржыны бөлген жомарт жанды азаматқа халықтың айтар ризашылығы шексіз.

Бұл қаржы Сырдария бойындағы бірқатар каналдарды тазалау, су ұңғымасын іске қосу, жем-шөп қорын дайындау, шөп бағасын тұрақтандыруға жұмсалмақ. Әрине әр нәрсенің есебі болады. Бұл жөнінде өткізілген жиында аудан әкімі С.Сермағамбетов «Әрбір игерілген қаржы мен жұмыс бағыты тікелей өзімнің бақылауымда болады» деп атап өткен болатын. Бақылау бар жерде жұмыс та нәтижелі болатыны ақиқат. Сондықтан талай қиындықтан өткен Арал халқы бұл ауыртпалықты да еңсеретін болады. Бастысы бірлік берекеге бастайтынын ұмытпайық.

Нұржан МҰРАТБАЕВ,  
«Жас толқын» еріктілер жасағының жетекшісі

28 шілде 2021 ж. 344 0